22 қаз, 2018 сағат 12:26

1 қаңтардан тіркелмеген телефонға байланыс қызметі көрсетілмейді - ІІМ

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап абоненттік құрылғыларды міндетті тіркеу ережесі күшіне енеді. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Алмас Садубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап IMEI-код + SIM-карта + тұлға ЖСН-ні  сызбасы бойынша абоненттік құрылғыларды міндетті тіркеу ережесі күшіне енеді. Тіркелмеген абоненттерге байланыс қызметі көрсетілмейді. Осыған байланысты азаматтар ағымдағы жылдың соңына дейін өздерінің байланыс құрылғыларын тіркеулері қажет», - деді Алмас Садубаев.

Осы ретте ІІМ ресми өкілі ұялы байланыс операторларының филиалдарында үлкен кезек болып, қоғамда дүрбелең тумауы үшін азаматтарға құрылғыларын дер уақытында тіркеуге кеңес береді.

«Бұл ең алдымен азаматтардың мүддесін қорғау үшін жасалып отыр. Егер бір адамның телефоны тіркегеннен кейін ұрланатын болса, онда база арқылы оны кім пайдаланатындығын анықтауға болады. Бұған қоса, байланыс операторлары да  базада құрылғының IMEI-коды ұрланған ретінде көрсетіліп тұрса байланысқа тосқауыл қою мүмкіндігін алады», - деді ол.