04 қар, 2019 сағат 09:31

Түркістандық полицейлер жардан құлаған әйелді құтқарды

Түркістан облысының полицейлері малын іздеп шығып, жардан құлап 5 сағаттай жатып қалған тұрғынды құтқарды, деп хабарлайды ПД баспасөз қызметі.

Қазығұрт АПБ кезекші бөліміне жергілікті тұрғыннан кешкі уақытта малын іздеп шыққан 60 жастағы анасының бірнеше сағаттан бері із-түзсіз жоқ болып кеткені жөнінде хабарлама келіп түседі. Аталған ақпарат барысында сол аймаққа белгіленген учаскелік полиция инспекторы полиция майоры Аспандияр Жайын тез арада қамданып, жоғалған тұрғынның үйіне жетеді.

Полицейдің анықтауынша, 1958 жылғы тұрғын сиыры келмеген соң, кешкі сағат 18:00 шамасында өзі іздеп шығып кеткен. Арадан бірнеше сағат өткен. Бұған алаңдаған ұлы полицияға хабар берген.

Малын іздеп шыққан жергілікті тұрғынды полицейлермен қатар көршілері, ағайын-туыстары да бірлесіп іздеуге шықты. Түнгі сағат 23:30 шамасында әйелді тауып алды. Ол мал жайылымына барарда 3 метр тереңдіктегі жардан аяғы тайып, құлап кеткен. 5 сағаттан астам уақыт орнынан тұра алмай, сол жерде жатып қалған.

Оқиға орнына тез арада жедел-жәрдем шақыртылып, ақжаулықты ана ауруханаға жатқызылды.