Бұған дейін Шығыс Қазақстанның бірнеше ауданында ондаған аулаға су кіріп, адамдар қауіпсіз орынға көшірілгендігі туралы хабарлаған болатынбыз.
«Тәулік ішінде облыс бойынша 19 үйді, 61 аула мен 6 көшені су алды. Тек Өскеменнің өзінде 13 жер үйге, 1 бес қабатты үйге су кірген» - дейді төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Әзірге тасқынның зардаптарын облыс орталығы қатты шегіп отыр. Жеке сектормен қоса қала көшелері де көлкіген суға толды. Әлеуметтік желіге тараған видеолардан Меновное кенті мен 19 шағын ауданның орталық көшелерінде, Мыза көшесінде көліктердің «жүзіп» жүргенін көруге болады. Қар ең көп түсетін аудандардың бірі саналатын Глубокое ауданының екі бірдей елді мекені қарғын судан зардап шекті. Белоусовка кентінде 4 үйді, Жаңа Үлбі елді мекенінде 1 үйді су алған. Ал Шемонаиха ауданында 33 үйдің ауласына су кіріп, деңгейі 20 сантиметрге дейін жеткен.
Төтенше жағдай мамандары судың жолын тосу үшін бір тәулік ішінде 61560 құмқап төсеп, 3440 текшме метр су сорған. Оларға көмекке ұлттық ұлан сарбаздары көмекке келді. Осы жұмыстарға 36 техника жұмылдырылған. Өскемендегі «Үлбі» әлеуметтік қызмет орталғын паналағандар саны 3 адамға жетті.