21 сәу, 2021 сағат 13:59

Өзбекстанда "Мирзияевқа тіл тигізген" ер адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды

Өзбекстанда Жизақ облысы Бахмаль ауданының 52 жастағы тұрғыны В.К. президент Шавкат Мирзияевқа "тіл тигізді" деген күдікке ілінді. Облыстық прокуратураның мәлімдемесінде ер адамның Youtube пен Facebook-та аккаунт ашып, видеожазбалар жариялап, тікелей эфирге шыққаны жазылған, деп хабарлайды Азаттық.

"Өзінің жазбаларында ол қоғамға президент жетекшілігімен жүргізіліп жатқан реформаларды қате түсіндірген, президентке тіл тигізіп, мемлекет басшысының беделін түсіретін ақпарат таратқан, осылайша қаралаған" делінген прокуратура мәлімдемесінде. 

Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің Жизақ облысы бойынша басқармасы Бахмаль ауданы тұрғынының үстінен Қылмыстық кодекстің 158-бап 3-тармағы бойынша ("Өзбекстан президентіне жария түрде тіл тигізу немесе оны қаралау") іс қозғаған. 

Егер тұрғынның кінәсі дәлелденсе, үш жылға дейін қоғамдық жұмысқа кесілуі мүмкін немесе 2-5 жыл аралығында бостандығы шектелуі немесе бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

Биыл наурыз айының соңында Өзбекстан Қылмыстық кодексіне президентке интернетте тіл тигізгендерді немесе қаралағандарды жазалайтын түзетулер енгізілген. 30 наурызда заңға президент Шавкат Мирзияев қол қойды. Оның алдында құжатты парламенттің қос палатасы мақұлдаған.