05 там, 2016 сағат 17:05

Инвестициялар және Даму Министріне ашық хат

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және Даму Министрі 
ҚАСЫМБЕК ЖЕҢІС МАХМҰДҰЛЫ атына;

ҚР ИДМ кеңесшісі әрі Қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі
ҚҰРМАНҒАЛИ БЕРІК УӘЛИҰЛЫ атына;

«Тілге деген көзқарас, шындап келгенде елге деген көзқарас» дейді Елбасымыз. «Тіл дегеніміз – қай халықтың болмасын кешегі, бүгінгі ғана тағдыры емес, бүрсігүні де тағдыры» дейтіні бар Момышұлының. 

Қазақстан Темір Жолының электрондық витринасынан билет алған сайын бекеттер мен аялдамалардың географиялық, топонимикалық атауларының билетте тек орыс тілінде жазылғанын көреміз. Екі айдан астам уақыт бұрын ҚТЖ сайтынан жақындарыма билет алып отырып, осы мәселе бойынша Ұлттық компания атына электронды форматта жазбаша хат жолдап, аялдамалар мен станциялар атаулары туралы азаматтық пікірімді білдірген едім.

Бүгін, екі ай уақыт өткеніне қарамастан «ҚТЖ»ҰК» АҚ Даму жөніндегі вице-президенті міндетін атқарушы Асылхан Қалдыкөзов мырзаның жауап хатын алып, бір марқайып, бір таңырқап отырмын. Марқайғаным, АҚ-ның Стратегиялық даму және жаңа технологиялар жөніндегі атқарушы директоры Асылхан мырзаның жазуынша, станция атауларын қайта атау(қазақыландыру деп түсініңіз) мәселесінің бұған дейін-ақ қолға алынғаны. Осы мәселе бойынша Инвестициялар және Даму министрлігіне хаттың жолдануы. Таңырқағаным, ИДМ-нің, «аталған шаралардың қаржы салымын қажет етпейтіні» белгілі болса да компания хатын жауапсыз қалдырғаны болып отыр. ҚТЖ мәселе бойынша өткен 2015 жылдың 9 ақпанында ИДМ-ге арнаулы хат жолдаған, ҚТЖ компаниясының жазуынша, арада 18 ай өтсе де, министрлік күрмеуі оңай мәселені шешпей, хатты жауапсыз қалдырған. 

Қазақстанда тіл мәселесінің ширек ғасырдан бері өткір сыпатта екені белгілі. Тіл дегенде, «мемлекеттік тіл» статусы бар қазақ тілінің тұтас ел аумағында жалпы қолданысқа еніп, Қазақстан халқының қарым-қатынас құралына айнала алмауы. Осы мақсатта үкімет әр жылдары түрлі бағдарламалар жасап, миллиардтаған қаржылар бөлсе де, мемлекеттік мекемелер, қарапайым азаматтар былай тұрсын, үкіметбасының өзі бір жиналысын таза мемлекеттік тілде өткізе алмай келеді. 

«Қазақстан Темір Жолы» - Қазақстан бойынша ең көп қолданыстағы транспорттық құрал. Жері байтақ Қазақ даласының автожолдары мың жамауланып, қотырланып жатқандықтан халық ат аяңымен жүретін болса да осы темір жолы қатынасын таңдайды. Сынай сөйлесек те, темір жолдың тұтас Қазақстанды байланыстыратын ең қолайлы магистраль екені рас. Автожолдары мен Әуежолдарына қарағанда халық көп тұтынады. ҚТЖ сайтындағы 3 жыл бұрынғы есепте, 2013 жылғы жолаушылар саны 13 078 439 адамға жеткені туралы көрсетілген, одан бері бұл статистика артпаса кемімегені анық. Оған ҚТЖ қызмет көрсетуінің ол уақытқа қарағанда жақсара түсуі мен техникалық жағынан жаңаруын, елдің демографиялық өсімін негіз етіп айтуға болады.

Ойлап қарасақ, жыл сайын 15 миллион жолаушының билетінде аялдама атаулары Қазақ тілінде көрсетіліп тұратын болса, бұл «мемлекеттік тілдің» халық арасында жалпыласуына қаншалықты орасан үлес болатын еді. Бір «мемлекеттік тілдегі» билет, қазақ тілін насихаттайтын бір брошюра іспетті. Оның үстіне жер атауларының бұрмаланып, тек бір тілде көрсетілуі заңға да қайшы, 25 жыл тәуелсіз өмір сүрген мемлекет атына да сын, халыққа да қиянат. Әлі күнге «Чу», «Аксуат» деп тұрғаны құрметті Махмұдұлы және Уәлиұлы, сіздерге де ыңғайсыз көрінетін шығар. «АЛМА АТА 1», «Семипалатинск», «Мангышлак» деп кете беретін тасқа керткен таңбадай қазақшаланбай тұрған атаулар намысымызға тиеді. 

ҚТЖ-ның ИДМ-ге жазған хатында атауының өзгертілуі сұралып, 85 станция берілген. Бұл тізімге кірмей қалған Павлодар мен Ақмола облыстарындағы аялдама атауларының да қазақшалануын сұраймын. Бұл мәселеден сырт, әуе тасымалында да Қазақстан әуежайлары атаулары дерліктей СССР заманын меңзеп, сол уақыттың атауымен кодталып тұр. Астана – Целиноград(TSE), Атырау – Гурьев(GUW), Тараз - Джамбул(DMB) деген сияқты бізге мазақ айтып тұрады. Осы және басқа көптеген елдімекен атаулары тәуелсіздік алған соңғы әр жылдарда Елбасының жарлығымен байырғы қазақты атауларына қайтарылған болатын. Арада жылдар өтсе де құжаттық таңбалары өзгермей-ақ қойды. 

Қосымша да, маған келген хат мазмұндарын сурет форматында жүктедім. Павлодар мен Петропавлдың аты өзгертілуіндей қиын мәселені емес, «ешқандай қаржы салымын қажет етпейтін» осы шаруа туралы хатты елеусіз қалдырмайсыздар деп үміт етемін. Ел азаматы, тұтынушы ретінде бұл мәселенің бүгінге дейін шешілмей келуіне қандай кедергілер болғанын білгім келді. Орыс тілінде сұранысы бар жолаушыларға орыс тілінде-ақ кедергісіз қызмет беретін, қазақ тіліндегі тұтынушылардың да қажетінен шығуға тиіс осы мәселені жеделдетіп қолға аласыздар, жақын арада нәтижесін халыққа ұсынасыздар деп сенемін. 

Қызметтеріңізге табыс, зор денсаулық тілеймін!
- Нұрғали НҰРТАЙ.

Ұлт порталы