13 жел, 2019 сағат 14:16

«Astana Motorsports» командасының директоры шетелге қашып кеткен

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігі 2016-2017 жылдары Қазақстандағы автоспортты дамытуға бөлінген қаражатты ұрлау бойынша тергеу жұмыстарын жүргізуде, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

800 млн теңгеден астап қаржыны жымқырып, шетел асқан «Astana Motorsports» командасының директоры түсініктеме беру үшін Қазақстанға келуден бас тартқан.

«Оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарды өткізуге өтінімдерді жоғарылату жолымен «Astana Motorsports» командасының директоры және капитаны Артур Ардавичус 800 млн теңгеден астам қаржыны жымқырғаны анықталды» дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің екінші департамент басшысы Сергей Перов.

Оның айтуынша, Артур Ардавичус бұл қаржыны қазақстандық және шетелдік компаниялар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырып өзі иемденген.

«Ардавичус түсініктеме беру үшін бірнеше рет шақырылды, алайда шетелде болғандықтан келуден бас тартты. Осы жайттарды және Ардавичус мырзаның қылмыстық құқық бұзушылық жасағанын көрсететін жеткілікті дәлелдерді ескере отырып, оған қатысты сырттай «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берілді. Халықаралық іздеуге жариялау туралы материалдар сотқа жіберілді» дейді ол.

Сондай-ақ, департамент басшысы тергеу амалдары арқылы ұрланған қаржының нақты сомасы анықталып жатқанын айтты.