Арыстықтарды Шымкенттен 135 автобус тасымалдауда. Орталық мешітте халық санының көбеюіне байланысты тағы 18 қоғамдық көлік тартылып отыр,– деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаевтың айтуынша, жарылыстан зардап шеккен халықтарды тасымалдауға 6 көлік компаниясы жұмылдырылған.
«Көлік компанияларының басшылары халықты өздері тасымалдап береміз деп хабарласты. Сондай-ақ, қаладағы жанар-жағар май бекеттерінің қожайындары оларға тегін бензин, солярка құйып беріп отыр. Қажет болған жағдайда тағы автобустарды шақыртатын боламыз. Егер бүгін әр түрлі себептермен бара алмай қалғандар болса, ертең де, кейін де көлік ұйымдастырып береміз,- деді Қуатжан Жұматаев.
Айта кетейік, қалада бас-аяғы 56 эвакуация пункттеріашылған болатын.
«Қаладағы эвакуациялық пункттерде 30 мыңнан астам адам тіркелген. Біз олардың жағдайларына қараймыз. Біреулер емханаларда, ауруханаларда ем қабылдап жатуы мүмкін. Ол жерлерден шыққан соң олардың үйлеріне оралуына қолғабыс етеміз. Қазір әрбір бекеттерге жедел жәрдем қызметі де арнайы шақырылып, қажет болған азаматтарға алғашқы медициналық көмектер де көрсетілуде» дейді Шымкент қалалық Ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Мұрат Базарқұлов.