2026 жылдың 3-11 маусым аралығында Ақтөбе қаласында «Владимир Дворкович мемориалы – Aktobe Open 2026» халықаралық шахмат фестивалі өтеді. Шара аясында Masters және Open атты екі турнир ұйымдастырылады. Жарысқа әлемнің 21 елінен шахматшылар, соның ішінде 23 гроссмейстер қатысады. Ұйымдастырушылар: Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE), ҚР Туризм және спорт министрлігі, Қазақстан шахмат федерациясы және Ақтөбе облысының әкімдігі. Серіктестер: Freedom Holding Corp және Ақтөбе мыс компаниясы, деп хабарлайды ult.kz.
Жарысқа қатысушылар тізімін рейтингі 2600-ден жоғары алты гроссмейстер бастап тұр. Турнирдің бас фавориті – әлемдік шахмат тәжінен үміткерлер жарысына қатысқан қытайлық гроссмейстер Ван Хао (2684). Сондай-ақ мықтылардың қатарында 2023 жылдың Еуропа чемпионы және Aktobe Open 2025 жеңімпазы Алексей Сарана (2664, Сербия), 2018 жылдың Еуропа чемпионы Иван Шарич (2657, Хорватия) және рапидтен 2018 жылдың әлем чемпионы Даниил Дубов (2654) бар. Үздіктердің қатарында Aktobe Open 2024 күміс жүлдегері Александр Предке (2616, Сербия) мен Антон Демченко (2611, Словения) бар.
Олардың төртеуі рейтингі 2700-ден жоғары «супергроссмейстер» санатына жатады: Ван Хао (2763), Дубов (2720), Сарана (2717) және Шарич (2703). Бұл қатарда мансабының шыңында 2710 рейтингіне жеткен Александр Мотылев (2550, Румыния) те бар.
Жарыста ел намысын қорғайтын қазақстандықтар қатарында гроссмейстерлер Денис Махнёв (2558), Қазыбек Нөгербек (2525), Эдгар Мамедов (2470), Рамазан Жалмаханов (2464), сондай-ақ халықаралық шеберлер Алдияр Аңсат (2488), Арыстанбек Оразаев (2488), Даниял Сәпенов (2458) және Артем Богданов (2453) бар.
Әйелдер арасындағы бәсекеде халықаралық шебер Полина Шувалова (2502, ФИДЕ) мен гроссмейстер Харика Дронавалли (2470, Үндістан) ең мықты қатысушылар қатарында болса, Қазақстан атынан халықаралық шебер Алуа Нұрман (2443), WGM Лия Құрманғалиева (2346), WIM Әсел Серікбай (2240), WIM Аяулым Қалдарова (2105) және Жанбота Камарова (2083) өнер көрсетеді.
Екі турнир де Мәңгілік Ел көшесі, 2 мекенжайында орналасқан «АСЕ» теннис орталығында өтеді. Жарыс швейцариялық жүйе бойынша 9 турдан тұрады. Уақыт бақылауы: әр партияға 90 минут және бірінші жүрістен бастап әр жүріс үшін 30 секунд қосылады. Masters турнирі рейтингі 2400-ден жоғары шахматшыларға арналған және ол FIDE Circuit 2026-2027 халықаралық жарыстар желісіне кіреді. Open турниріне рейтингі 2400-ге дейінгі ойыншылар қатыса алады.
Masters турнирінің кепілдендірілген жүлде қоры 100 000 АҚШ долларын құрайды, оның ішінде жеңімпазға 18 000 доллар, екінші орынға – 14 000 доллар, ал үшінші орынға – 10 000 доллар табысталады. Ақшалай сыйлықтар 15 орынға дейінгі қатысушыларды қоса алғанда үлестіріледі. Бұдан бөлек, үздік үш әйел қатысушы мен үздік үш қазақстандық ойыншыға жеке марапаттар қарастырылған, сондай-ақ Эло 2500-2599, Эло 2400-2499 және Эло 2300-2399 рейтингтік санаттарында үздік екі ойыншы марапатталады.
Open турнирінің жүлде қоры 10 000 долларды құрайды, оның ішінде жарыс жеңімпазына 2 700 доллар, ал оныншы орын үшін 300 доллар табысталады. Masters турнирінің ережелеріне сәйкес, аталған санатта да үздік әйел қатысушы мен үздік ардагерге арналған арнайы сыйлықтар қарастырылған.
Фестиваль – классикалық шахматтан 2026 жылғы Қазақстан Кубогының үш кезеңінің алғашқысы. Әр кезеңнің үздік 20 қатысушысы Кубок есебіне ұпай жинайды. Екінші кезең 20-30 шілдеде, үшінші кезең 11-21 қазанда өтеді. Kazakhstan Chess Cup 2026 Final финалында (1-13 желтоқсан) айналым жүйесі бойынша 12 шахматшы кездесіп, оның алтауы кезеңдер қорытындысы бойынша ең көп ұпай жинағандар, қалған алтауы Қазақстан шахмат федерациясы президиумының шешімімен таңдалады.
6-8 маусым аралығында фестиваль аясында ұлттық төреші нормасын алуға арналған семинар өтеді.
«Владимир Дворкович мемориалы – Aktobe Open» фестивалі Ақтөбеде 2019 жылдың қыркүйегінен бастап өткізіліп келеді. Ол халықаралық төреші Владимир Яковлевич Дворковичтің (30.12.1937-29.06.2005) рухына арналған. Ол 1960 жылы Таганрог педагогикалық институтының физика-математика факультетін бітіріп, жолдамамен Ақтөбеге келген. Кейіннен В. Дворкович КСРО Шахмат федерациясының жауапты хатшысы (1982-1984) және Ресей Шахмат федерациясы Төрешілер алқасының төрағасы (1992-1995, 2003-2005) болды. Оның үлкен ұлы Аркадий Дворкович 2018 жылдың қазанынан бастап ФИДЕ президенті қызметін атқаруда.
Ақтөбе – Ақтөбе облысының әкімшілік орталығы, 2026 жылдың 1 наурыздағы мәліметі бойынша халық саны 600 149 адамды құрайтын Қазақстандағы төртінші ірі қала.