Энн Хэтэуэй он жыл бойы денсаулығы үшін күрескенін айтты

Энн Хэтэуэй он жыл бойы денсаулығы үшін күрескенін айтты
burninghut.ru

Голливуд актрисасы Энн Хэтэуэй ұзақ уақыт бойы денсаулығына қатысты ауыр мәселені жасырын өткергенін мәлімдеді. Актрисаның айтуынша, ол ерте сатыдағы катаракта салдарынан 10 жыл бойы сол көзінің көру қабілетінен айырылып, заңды түрде «соқыр» саналған, деп хабарлайды ult.kz.

43 жастағы жұлдыз бұл туралы The New York Times басылымының Popcast подкастында айтып берген. Оның сөзінше, ауру көру қабілетіне қатты әсер етіп, кейін ота жасауға тура келген.

«Жағдайдың қаншалықты ауыр екенін толық көре бастағанда ғана түсіндім», – деді актриса.

Катаракта – көз бұршағының бұлдырауы. Мамандардың айтуынша, бұл дерт хирургиялық жолмен емделеді. Ауру көрудің бұлыңғырлануына, түстердің көмескіленуіне және жарыққа сезімталдықтың артуына себеп болуы мүмкін.

Актрисаның бұл мәлімдемесі жанкүйерлерін таңғалдырды. Әлеуметтік желі қолданушылары оның осындай қиындықпен жүріп, көптеген фильмдерге түсіп, бұл туралы ешқашан шағымданбағанына тәнті болғандарын жазды.

Энн Хэтэуэй «Дьявол носит Prada» фильміндегі Энди Сакс рөлі арқылы кеңінен танылды. Фильмде ол сән журналы редакциясына жұмысқа орналасқан жас журналистің образын сомдаған. Фильм алғаш 2006 жылы шыққан, биыл «Дьявол носит Prada – 2» жарыққа шықты. Жиырма жыл өткенде үлкен экранға қайта оралған фильм көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Сондай-ақ басты рөлдердің бірін сомдаған Хэтэуэйге де көрермен назары бұрылды.

Қазір актриса жаңа «Ана Мария» фильміне дайындалып жатыр.