11 қаң, 2017 сағат 08:14

ЖСДП: Билік азаматтарды уақытша тіркеу талабын жойсын

Оппозициялық Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) Қазақстан билігін заңдарға енгізілген азаматтарды уақытша тіркеуге тұруды міндеттейтін жаңа талаптарды жойып, көші-қон мәселелерін ықтиятты түрде шешуді талап етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Азаттыққа сілтеме жасап.

Партия 10 қаңтарда таратқан мәлімдемесінде көші-қон заңдарына азаматтарды уақытша мекенжайы бойынша тіркеуге тұруды міндеттейтін өзгерістер еш дайындықсыз, асығыс және мүлдем жосықсыз енгізілді деп санайды.

Партия көші-қон өзгерістері Қазақстан конституциясының 21-бабы мен Азаматтардың саяси және азаматтық бостандығына кепілдік беретін халықаралық пактіге әсер етіп отыр дейді.

"Асығыстық салдарынан халыққа қызмет көрсету орталықтарында халық ығы-жығы болып, полиция қызметкерлері мен шенеуніктер біліксіздігін көрсетті" деген ЖСДП үкімет пен парламент уақытша тіркеу туралы шешімді мұқият ойланбай, жауапкершіліксіз қабылдаған деп санайды.

ЖСДП тіркеу мәселесі ауыл шаруашылығын дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу, Қазақстанның кез-келген жерінде лайықты өмір сүруге мүмкіндік беру арқылы шешілуі керек дейді.

Қаңтардың басында Қазақстанда азаматтарды уақытша мекенжайы бойынша тіркеу туралы көші-қон заңдарына енгізілген түзетулер күшіне енген. Енді тұрғылықты жерінен тысқары жаққа бір айдан асатын мерзімге барған әр қазақстандық мемлекеттік баж салығы ретінде 227 теңге төлеп әрі халыққа қызмет көрсету орталығына барып уақытша мекенжайы бойынша тіркеуге тұруы тиіс. Бұл талап қонақүйде тұрып, өзге қалада жұмыс істейтін адамдарға да, өзге қаладағы ауруханада жатып ұзақ емделетін адамдарға да қатысты. Алғашқыларын қонақүй орналасқан мекенжай, ал екіншілерін емделетін орны бойынша тіркейді. Бұл талапты орындамағандарға жеті АЕК (айлық есептік көрсеткіш) көлемінде, яғни 16 мың теңге айыппұл салынады.