02 ақп, 2017 сағат 08:49

Жетісулықтар Жолдауды талқылады

Алматы облыстық әкімдігінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауына орай актив жиыны өтті. Жиында облыс әкімі Амандық Баталов күн тәртібіндегі бір мәселе: Президент Жолдауында белгіленген тапсырмаларды іске асырудағы облыстың атқарушы органдарының жұмысы туралы баяндама жасады.  

Облыс әкімі баяндамасында Мемлекет басшысының еліміздің алдына қойып отырған Үшінші жаңғыру жөніндегі міндеттеріне кеңінен тоқталды.

- Әлемдік дағдарыс жағдайында қабылданған нақты шаралар өзінің  тиімділігін көрсетуде. «Нұрлы жол», «100 нақты қадам» Ұлт жоспары іске асырылуда. Жақында ғана Елбасы өкілеттілікті қайта бөлу жөнінде шешім қабылдап, конститутциялық реформалар бағдарламасын ұсынды. Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Қазақстан халқына арнаған Жолдауы сол жұмыстардың нақты жалғасы. Биылғы Жолдау аясында Елбасы бес басымдылықты көрсетіп, нақты міндеттер қойды, -  дей келе А. Баталов бес басымдыққа жеке-жеке тоқталып, оларды облыста жүзеге асырудың мүмкіндіктері жайлы баяндады. Экономикамыз әлемдік даму үрдісінен қалмай, тұрақты өркендеуі үшін цифрлы технологияны барлық салаларға кеңінен енгізуге назар аударылатынын айтты. Сонымен қатар бизнесті дамытуға барынша жағдай жасап, Алматы облысында жолға қойылған мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін қолдану аясын одан әрі кеңейту қажеттігіне айрықша тоқталды. Жетісу өңірі аграрлық бағыттан аграрлық-индустриалдық бағытқа бет түзеп келеді. Бұл орайда өңдеу өнеркәсібін дамыту ісі жалғастырылып, әсіресе, ауыл шаруашылығына жаңа технологияны енгізу аса маңызды міндет болмақ. Сондай-ақ облыс әкімі өз сөзінде экспортқа бағытталған кәсіпорындарды өркендету, ауыл шаруашылығында кооперативтер құру, жерді тиімді пайдалану, жаңа жұмыс орындарын ашу, маргинал жастарды оқытуға, оларды жұмыспен қамтуға айрықша көңіл бөлу мәселелерін де қамтыды.

Жарыссөзге шыққан І. Жансүгіров атындағы ЖМУ ректоры Қуат Баймырзаев өз сөзінде білім жүйесіне жаңа технологияны енгізу мәселесіне қатысты ойын ортаға салды. Елбасы Жолдауында айтылған IT-технологияны меңгеру, қаржылық сауаттылықты арттыру, ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеу білім саласына да тікелей қатысты екенін атап өтті.

Облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Атсалим Идигов Елбасының «Қазақстан - 2050», «100 нақты қадам» сияқты  стратегиялық маңызы зор құжаттарымен Жолдаудың үндес екеніне тоқталды. «Кезең-кезеңімен дер кезінде қабылданған жоспарлар мен міндеттер еліміз үшін нақты бағыт-бағдар болып отыр. Жолдаудың мақсат-міндеттерін, облыста орындалу барысын халыққа жеткізу, насихаттау баспасөздің тікелей міндеті. Біз осы міндетті абыроймен орындауға тиіспіз», - деді А. Идигов.

Сондай-ақ жарыссөзде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, денсаулық сақтау саласының өкілі Анжелика Ким, «Нүсіп и К» серіктестігінің директоры Қанатқан Нүсіпов Жолдауға қатысты ой бөлісті.

Жиын соңында облыс әкімі А. Баталов облыста Жолдауды өңір тұрғындарына кеңінен түсіндіретін ақпараттық насихат топтарын құруды, медиа-жоспар дайындап, БАҚ арқылы да насихат жұмыстарын жандандыруды тапсырды.