#
#
Жұма 20/04/2018

Жетісулық өнерпаздар Өзбекстанға аттанды

  • 10.04.2018
  • 0
  • 124

Биыл бір-біріне көрші қонған, шекара сызығымен өзара «шетел» атанған қазақ-өзбек екі ел арасында мәдени алмасулар жылы болмақ. Оған себеп, 2018 жылдың Өзбекстанның Қазақстандағы  жылы болып белгіленуі еді. Осыған байланысты ауқымды іс-шаралар ел аумағында басталып та кетті. Сөзіміздің айқын көрінісі, “Өзбекстандағы Қазақстан жылы”  аясында жетісулық алғашқы делегация жолға да шығып үлгерді.

Бір елдің мәдени мәйегі мен рухани азығының молдығын паш етуде сол елдің өнер көкжиегінің қаншалықты кеңдігі сарапқа салынатыны қандайлық ақиқат болса, жетісулық делегацияның діттегені де қазақтай ұлттың ұстын-мұрат, мәдени өмірі мен миуалы өркениеттен ұласқан ұлы қасиеттерін таныту болатын. Сол себепті де Ташкент қаласында өтетін Алматы облысының күндерінде  Сүйінбай атындағы облыстық филармония, “Алатау әуендері” концерттік бірлестігі, “Құлансаз” және “Үшқоңыр” ансамблінің ұжымы бірлесе отырып, мәдени бағдарлама ұсынады деп жоспарланған.

Осы ретте, аталған филармония басшысы Данияр Құрамысов бұл шараның тарихи маңызға ие екенін, екі ел достығының, өзара мәдениет алмасуының кепілі болатынын айта келіп,   бағдарламаның ауқымының да кең екенін жеткізді.

– Өнер адамы болғандықтан қай елге барсақ, сол елдің өнерін  көрсетуіміз қажет. Осы орайда өзіміздің төл өнерімізбен қатар, өзбек халқының да әндерін шырқап, билерін билейміз. Дайындығымыз жоғарғы деңгейде, – деді ол.

Бұдан бөлек, Данияр Құрамысовтың айтуынша, аталмыш шараға орай жаңа сахналық костюмдер де тігілген. Осы уақытқа дейін гастрольдік сапармен көптеген  шетелді аралап келген үлкен ұжым үшін бұл үлкен мүмкіндік алаңы болып отыр. Өйткені,  мұндай сапарлардан  өнерпаздар  мол тәжірибе жинайтыны анық. Оның үстіне мұндай әгі шаралар шығармашылық адамдары үшін үнемі ізденісте болудың, тек  қана алға қарай талпынудың маңыздылығын ұғындыра түсетіні бар. «Бұл, тіпті, жетісулық өнерпаздар үшін шығармашылық шабыт сапары деуге болады» дейді аталмыш филормония басшысы.

Шығармашылық шабыт демекші, мұндай мүмкіндікке бұл жолы жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар танылған 116 өнерпаз ие болып отыр.  Олар осы барыста көршілес мемлекетте қазақтың, соның ішінде Жетісудың жұртының өнерін паш ететын болады. Осы барыста қатысушылар ынтымақтастықты дамытуға және тәжірибе алмасу мақсатында  ұйымдастырылған бұл шара  бауырлас халықтарды одан әрмен жақындастыра түседі деп атап өтті.

Айта кетейік, Ташкент қаласыда өтетін ауқымды шара сәуір айының 12-15 жұлдызы аралығына жоспарланып отыр.  

Қозыбай ҚҰРМАН,

Алматы облысы

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар