06 жел, 2017 сағат 09:05

Жалпыұлттық телекөпір: Құрық портының паромдық терминалы іске қосылды

Бүгін Астанада Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтіп жатқан телекөпір барысында Құрық портының паромдық терминалы іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамыту және Еуразия құрлығындағы логистикалық торапты құру жобасын іске асыру мақсатында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Құрық порты (Маңғыстау облысы) паромдық терминалының бірінші кезеңін іске қосты.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ вице-президенті Бауыржан Орынбасаров Құрық порты Транскаспийлік көлік дәлізінің негізгі бөлігі екеніне тоқтала келе, 2017 жылы 1,2 млн тонна жүкті өткізу қамтамасыз етілгенін жеткізді.

«Жаңа автомобильдік-паромдық кешен жыл сайын қосымша 2 млн тонна жүкті қамтиды. Бүгін біз Түркияға және Еуропа елдеріне жаңа бағдарларды іске қоспақпыз», - деді Б. Орынбасаров.

Өз кезегінде Елбасы бұл жобаларды іске асыру үлкен жұмысты қажет ететінін атап өтті. Осы орайда Құрық портының мүмкіндігі арқылы Қазақстанның экспорттық әлеуеті артатынын жеткізді.

«Сондықтан осындай ұлы жобаларға қатысып жатқандарыңыз үшін құттықтаймыз. Осыны іске қосқандарыңыз арқылы елге үлкен жақсылық жасайсыңдар», - деді Мемлекет басшысы.