16 қаң, 2017 сағат 18:35

Универсиада ойындарына билет сатып алғандар арасында өткізілген ұтыс ойынның бірінші кезеңі қорытындыланды

2017 жылдың 11 қаңтарына дейін Универсиада-2017 ойындарына сатып алынған билеттер арасында өткізілген ұтыс ойынның бірінші кезеңі аяқталды. Бағы жанған 12 адам Универсиада ұйымдастырушыларынан және Қысқы ойындардың ресми серіктестерінен бағалы сыйлықтарды алмақ.

Универсиада-2017 ұтыс ойынының бірінші кезеңінде ұтқан билеттердің тізімі 2017 жылы Алматыда өтетін 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиаданың ресми сайтында және Facebook парақшасында (https://www.facebook.com/Almaty2017WU/?fref=ts) жарияланды.

Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, ұтыстарды алу үшін 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиада Дирекциясына келесі мекенжай бойынша хабарласу қажет: Алматы қ., Байзақов к., 280, солтүстік мұнара немесе  8 (727) 313 23 25 телефонына қоңырау шалуға болады.

Естеріңізге салып өтейік, 2016 жылдың 20 желтоқсанында басталған жүлделердің ұтыс ойыны екі кезеңде өткізіледі. Универсиада аясындағы спорттық оқиғаларға билет сатып алған жасы 18-ден асқан кез келген ҚР азаматы ұтыс ойынға қатыса алады. Ұтыс ойын сатып алынған билеттің бірегей тоғыз таңбадан тұратын нөміріне қарап өткізіледі. Шақыру билеттері және құны жоқ билеттер ұтыс ойынға қатыса алмайды.

2017 жылдың 08 ақпанына дейін сатып алынған билеттердің барлығы ұтыс ойынның екінші кезеңіне қатысады. Екінші кезеңде Саппородағы Азия ойындарына 2 саяхат, сондай-ақ, «Базис-А» корпорациясының ұсынып отырған супер жүлдесі – «АЛМАЛЫ» тұрғын ауданында орналасқан екі бөлмелі пәтер ұтысқа салынады.

«АЛМАЛЫ» тұрғын ауданы «БАЗИС» құрылыс компаниясы салған Универсиаданың бас нысаны - Almaty Arena мұз сарайының қарсы жағында орналасқан. «БАЗИС-А Корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Павел Белович «Almaty Arena» мұз сарайын салып жатқан кездің өзінде  осы ауданның даму келешегі жоғары деп бағаланғанын атап өтті.

- Almaty Arena мұз сарайын салып жатқан кездің өзінде біз дамып жатқан ауданның әлеуетін байқап, Универсиада бас нысанының қарсы жағында жаңа әрі жайлы «АЛМАЛЫ» тұрғын ауданын салу жөнінде шешім қабылдадық. Оның үстіне, халықаралық жарыстарға билет сатып алғандар арасындағы ұтыс ойын кезінде бас жүлде ретінде «АЛМАЛЫДАҒЫ» пәтерді ұсыну айрықша мәнге ие болады деп есептедік, - дейді Павел Белович.

Универсиада өткізілген соң алматылықтар және «Алмалының» тұрғындары Almaty Arena мұз сарайында хоккеймен және мәнерлеп сырғанаумен қатар, жүзу, көркем гимнастика, бокс, күрес секілді тағы да басқа көптеген спорт түрлерімен шұғылдана алатын болады.

Универсиада-2017 ойындарына билеттерді almaty2017.kz, ticketon.kz, kassir.kz, fisutickets.com сайттарында, сондай-ақ, Алматы және Астана қалаларының кассаларында сатып алуға болады. Кассалардың мекенжайы туралы келесі сілтеме арқылы толығырақ білуге болады: http://kassir.kz/universiade/kassy-u

"Ұлт ақпарат"