13 қаң, 2017 сағат 10:06

Универсиада-2017. Cпорттық объектерді қармен қамтамасыз ету іс-шаралары жүзеге асырылуда

2017 жылы Алматыда 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиаданы өткізу кезінде спорттық объектер трассалардағы қар көлемі жағынан тапшылық көрмейді. Алматыда Универсиаданы өткізу жөніндегі дирекция қар тапшылығымен байланысты туындауы мүмкін қиындықтарды шешу үшін бірнеше жоспарды дайындап қойды.

Алдағы келе жатқан Универсиада кезінде 4 спорттық объект қардың жеткілікті мөлшерімен қамтамасыз етілуі тиіс. Олар – «Алатау» шаңғы-биатлон кешені, «Табаған» кешені», «Шымбұлақ» тау-шаңғы шипажайы және «Сұңқар» халықаралық трамплиндер кешені. Дирекция спорттық объектерді қармен қамтамасыз ететін қолданыстағы жүйені жаңғыртты. Оған қоса, объектерде су беру және тазарту жүйелері жаңартылып, гидранттар, сорғылар және жасанды қарды жасап шығаратын арнайы зеңбірек орнатылды. Қабылданған шаралар жеткіліксіз болған жағдайда, мәселені шешудің тағы бір жолы қарастырылып қойылған.

«Тіптен жылы ауа-райы болатын болса, бізде «С» жоспарымыз бар, яғни қарды маңайдағы таулы жерлерден жеткізетін боламыз. «Алатау» кешеніне 50 мың текше метр, яғни биатлон трассасына 30 мың және шаңғы трассасына 20 мың текше метр қар қажет екенін қазір есептеп қойдық. Қанша рет рейс жасайтынымыз белгілі, облыс әкімдігімен бірге кездесулер өткізіліп, «С» жоспарын орындау үшін нақты бағдарламалар белгіленген. Қар жинайтын орындар, оның көлемі, қорлар анықталып, қарды қалай жеткізу қажет екендігін көрсететін жол картасы дайындалды. Мұқият, жан-жақты жүргізілген бүкіл дайындық жұмыстарын ескере отырып, жағдай оңынан шешіледі деп үміттенеміз. Универсиада кезінде, қалай болғанда да, объектердің барлығы қармен қамтамасыз етілетіндігіне сенімдімін», - деді «Алматыдағы 2017 жылғы 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиадаға дайындалу және өткізу жөніндегі дирекция» басшысының орынбасары Нұржан Әбілқайыр.

Синоптиктердің болжамы бойынша Алматыда ақпанның басында ауа-райы жылы болады деп күтілуде. Шаңғы-биатлон кешенінде қар тапшылығы сезілуі мүмкін болса, трамплиндер кешенінде қар жеткілікті мөлшерде болады.

«Біз Универсиада жарыстары үшін қарды дайындап қойдық. Біздің объектегі қармен қамтамасыз ету жүйесі қарды толығымен дайындады, сондай-ақ, қардың сақтаулы қоры да бар. Бізде қар айтарлықтай жеткілікті мөлшерде бар, оны қосымша тасып жату қажет емес», - деді «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндер кешенінің директоры Руслан Қаңтарбаев.

Айта кетсек, 28-ші Бүкіләлемдік қысқы универсиада 2017 жылдың 29 қаңтарынан бастап 8 ақпаны аралығында Алматыда өтеді. Қысқы универсиада бағдарламасына мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғысы, сноуборд, биатлон, шаңғымен жарысу, шайбалы хоккей (әйелдер мен ерлер арасындағы), керлинг, шаңғымен трамлиннен секіру, шаңғы қоссайысы, конькимен жүгіру спорты, фристайл секілді 12 спорт түрі кірген. Жарыстарға 2 мыңға жуық спортшы қатысады деп күтілуде. Универсиада өткізілетін уақытта 3 мың ерікті, оның ішінде шетелдік еріктілер атсалысады.Студенттер арасындағы спорт ойындарына 30 мыңға жуық отандық және шетелдік турист келеді деп күтілуде. Сайыстарды әлемнің 80 еліндегі 1 млрд. адам теледидар арқылы тамашаламақ. 

"Ұлт ақпарат"