23 ақп, 2017 сағат 12:34

Ұлы Абайдың туған жеріне апаратын жол жөнделмек

Абай Құнанбаевтың 175 жылдығының қарсаңында Семей-Қарауыл жолын жөндеуге биыл 300 млн. теңге қаржы бөлінгендігі туралы ШҚО әкімі Даниал Ахметов халық алдындағы есебінде айтты.

Абай ауданының тұрғыны облыс әкімінің халық алдындағы есебі кезінде Семей қаласынан Қарауыл ауылына дейінгі жолды жөндеуге қаржы бөлуді сұраған еді.

Даниал Ахметов көтерілген мәселенің шешілетіндігін және Абай жерінде бірқатар игі істердің атқарылатындығын хабарлады.

- Жолды жөндеуге 300 млн. теңге облыстық бюджеттен бөліп қойдық. Жетпесе тағы қарастырамыз. Сонымен қатар, абаттандыру жұмыстарын жүргізу үшін Абай ауданына қосымша 100 млн теңге бөліп отырмыз. Биыл Қарауыл ауылында бассейн салынады, - деді аймақ басшысы.

Айта кетер болсақ, биылғы жылдың өзінде Шығыс Қазақстан облысында 365 км жол жөнделмек.