#
#
Сейсенбі 21/11/2017

Ұлттық сананы қалай қалыптастырамыз?

  • 31.10.2017
  • 4
  • 988

Қазақ халқының ұлттық құндылықтарын жоюға бағытталған астарлы саясатқа жем болмай, ұлттық-рухани дүниесiн қалыптастыруға көмектесетін ұлттық идеологияны жаңғырту қажеттілігі туып отыр. Ендігі мәселе жастарды тәрбиелеу барысында ұлттық және мемлекетшіл сананың іргетасын қалай қалаймыз?

Біздің қоғамда әсіресе жастар арасында "ақша тапсам болды, бақытқа жетем" деген түсінік қалыптасып кетті. Егер адал жолмен баюға мүмкіндігі болмаса, қара жолмен де ақша табуға мәжбүр болады. Ал ондай жолда жүрген жастар әрине азғындалып, ұсақталып және болашақ өмірі бұлыңғыр болатыны күмәнсіз. Алаш зиялысы Ахмет Байтұрсынұлы:

Ақшаға абыройын, арын сатып,

Азған жұрт, адамшылық қалмай сыны.

Жаны ашып, жақын үшін қайғырар ма,

Жаны – мал, жақыны – мал, малдың құлы?!  Осындай аталы сөздер ғасырлар бойы адамның санасын оятып, жігерлендіріп отырған. Отаншыл, мемлекетшіл ұрпақты тәрбиелей алған елдердің болашағы баянды екендігін әлем тарихы да ұдайы дәлелдеп келеді. Ол үшін тәрбие, насихат және идеология негізінде ең бірінші кезекте қазақ ойшылдардың дін тұрғысындағы ой-пікірлері, ұлттық-діни бірегейлікті, дін мен дәстүрдің сабақтастығын насихаттау жұмыстарын жаңғырту керек. Біз жат идеологиялардың әсері туралы айтқанда, әрине олардың артында басқа бір мүдде мен құндылықтардың тұрғанын естен шығармау керек.  Соңғы кездері қоғамда іріткі салып жүрген кейбір діни топтардың пікірлері ешқашан біздің мүддемізге сай келмейтің тұстары да бар.

Оларда діни мүддеден гөрі, саяси мүдде басым екендігі соқырға таяқ ұстатқандай анық нәрсе!  "Уды у қайтарады" демекші, оларға өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз. Ақиқатын айту керек, қазақ - совет өкіметінің езгісінде болған ел. Сол үшін қазақ халқының рухани-мәдени құндылықтарын қайтадан қалпына келтірмейінше, рухани тоқырау мен құлдық психологиядан құтқару мүмкін емес. Ә.Бөкейханов «Ұлтына, жұртына қызмет ету білімнен емес, мінезден» дегендей, қазақ халқының ұлттық мінезін қалыптастыруда діннің де, білімнің де  орны ерекше болғандықтан, діни уағызды да, білім беру жүйесін де осы бағыт – қазақтың ұлттық санасына сай бұратын кез келді деп санаймын.

Қазақтың ұлттық-діни бірегейлікті насихаттаған ойшылдар А.Құнанбай, Ш.Құдайбердіұлы, М.Көпейұлы, Ғ.Қараш, С.Ғылмани қазақ халқының рухани тарихында ұлттық ар-ождан кодексі ролін атқарып, моралдық қағидаларды қалыптастыра білген. Сондықтан, бұл ғалымдардың шығармашылығын қарастырғанда Құран аяттары мен пайғамбар хадистеріне үндестігіне назар аударуымыз қажет. Өйткені, діни мәтіндерді терең түсініп, халықтың талабы мен қажеттілігіне сай, тұшымды тілмен жеткізе білгендігінің өзі олардың ерекше тұлға, заманының тілін білген ғалым болғандығын айғақтайды. Олардың туындыларының негізгі өзегінде ұлттық сана, діни көзқарас, тәрбие, адамгершілік мәселелері жатыр деген сөз. Мысалы, Садуақас Ғылмани өз заманының келеңсіздіктерін де сынай білген:

 Обал сауап аты өшті,

Ұятсыз қаулап жан кешті.

Ары да жоқ, тілеу жоқ,

Гулеген өңкей жарым есті.

Ал, кеңестік кезеңде жыраулар поэзиясы жан-жақты зерттелгенімен тәуелсіздік идеясы, өзге идеологияға қарсы күрес мәселесі зерттеу обьектісіне енген жоқ. Жыраулар қазақтың басынан өткен небір кезеңдердегі әртүрлі тарихи оқиғаларды, тәуелсіз, еркін ел болуды армандағаны ұлттық идеологияға тікелей қатысы бар әдебиет, сөз өнері болды. Ұлттан тыс тұратын әдебиет жоқ, сол әдебиетті жасаушылардың бірі-жыраулар болса, ұлттық рух пен сананың негізін олар толғауларында анық көрсете білген. Сонымен қатар, Шәді Жәңгірұлының 400 беттен тұратын «Назым Сияри Шәріп» еңбегі пайғамбардың өнегелі өмірін арқау етіп, қазақ жұртына қазақтың құнарлы тілінде сөйлетті. 1914 жылы Ташкентте жарық көрген бұл еңбек он жыл ішінде Қазақ қаласында төрт-бес рет қайта басылып, қалың елге кеңінен таралып рухани шөлді қандыра білген. Шәді Жәңгірұлының өзінің замана толғауында:

«...Жаратқан АЛЛА жар болып

Тура жолдан тайдырма,

Ібіліспен жолдас қып

Айналдырма азғынға.

Адастырып ақ жолдан

Имансыз етіп қалдырма,

Һақ жолыңды сілтей гөр

Адасып жүрген қауымға.

Бабалар салған сара жол

Имам – Ағзам мәсһабы,

Халқымның салт – дәстүрін

Шариғатпен ұштады.

Асыл текті Аталар

Дінін берік ұстады,

Аманат етіп ұрпаққа

Тура жолды нұсқады.

Арада жылдар өткенде

Қатты батты жаныма,

Замананың қыспағы

Ата жолдан адастық.

Осы емей немене

Бастан бақтың ұшқаны,

Жолын таппай шатасып

Халқым кетті адасып...».  Демек, тәрбиенің тиімді болуы үлгі-өнеге көрсететін адамдардың беделіне де байланысты. Бедел өте ықпалды рухани құбылыс екендігінде О. Сүлейменов: «Жырау – халық жыршысы ғана емес, ол дана иде­олог. Бұл адамдарды ұлы тұлғалардың соңынан еруге үндей алатын жау­ынгер жыршы» деген болатын. Сондықтан, өнердің осы түрін дінтану, тарихтану, әдебиеттану ғылымдары тұрғысынан және бір-бірінен ажыратпай салыстырмалы түрде зерттеп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына енгізу керек.  Алла деген зар болмас, ақтың жолы тар болмас дегендей қазақтың дәстүрлі діни танымында өскен жас ұрпақ ешқашан радикалдық топтарға бара қоймайды.  Сонымен қатар, діни экстремизмге қарсы тұратын алдын-алу жұмыстарының бірі. Рухани тәжірибесі бай қазақ халқы тек рухани тарихты жаңғырту арқылы өзінің бірегей болмысын сақтап қала алады.

Елбасы «Жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерімізді қайта түлетуіміз керек» екенін атап көрсетіп отыр.

Бахтияр Алпысбаев,

дінтанушы

4 пікір

  • АлбанCәрсенбі, 01.11.2017

    Қоғамдағы өзекті мәселені көтеріпті. Экстремизм деп зарлай бергенше, оданда осындай ұлттық тұрғыда қалай алдын-алу жұмыстарын жасаймыз деген ниет болу керек шығар. Дінтанушылар, имамдар, теологтар тарапынан Ұлттық сананы қалыптастыру негізінде немесе Орта Азияда қалыптасқан қаншама діни ғұламалар туралы өзекті мақалалар көптеп жазу керек.

  • ТалғатCәрсенбі, 01.11.2017

    Ұлттық сананы қалыптастыруда діннің маңызы өте үлкен екенін тағы бір дәлелдепті. Қазіргі кезде Абай, Шәкәрім секілді ғұламаларымыз болмаса да, діни білімі де, зайырлы білімі де бір деңгейдегі ел ағаларының тарапынан ұлттық сана туралы біраз пікірлер айтылуда. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының тарапынан да, жыл сайын елеулі жұмыстар атқарылуда. Мысалы, халқымыздың төл мерекелері жоғары деңгейде өткізіліп, салт-дәстүріміз кеңінен насихатталуда.

  • МәкеCәрсенбі, 01.11.2017

    Тәуелсіздігімізді алғанымыздан кейін халқымыздың салт-дәстүрі, өнері, ата дініміз қайтадан жаңғырып, қазіргі кезде біршама жоғары деңгейде болса да, алдымызда әлі көптеген жұмыс күтіп тұр. Соны ұмытпағанымыз жөн. Болашақ ұрпақ үшін ұлттық ділімізді, рухани байлығымызды барынша сақтап қалуымыз керек. Ұлттық санамызды да осылай қалыптастырып, өзіне лайықты деңгейге жеткіземіз.

  • ӘділБейсенбі, 02.11.2017

    Сауатты ұрпақ, білімді тұлға – Ел болашағы. Білімсіздік қара түнек болғанындай, ілім мен білім жарық жолға сілтейтіні баршаға мәлім. Жастардың білім деңгейін көтерумен қатар олардың қисынды ойлауын да дамыту қажет. Кез келген мағлұматқа сеніп, алды артына қарамай жат ағымдардың артынан ерудің бір де бір жолы – сауатты болу әрі айтылған сөзді ішкі сыни електен өткізу. Егер ол ақиқат болса, барлық сындарды көтереді, ал егер жалған немесе біреудің мүддесін мақсаттаған болса сынды көтермейді.

Пікір қалдыру

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар