15 нау, 2019 сағат 16:24

Үкімет мүшелері Жаңаөзенге келді

Бүгін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған Үкімет мүшелері Маңғыстау облысына келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Үкімет мүшелері алдымен Жаңаөзен қаласына келіп, облыс активімен және тұрғындармен кездесті.

«Батыс өңірін аралап келе жатырмыз. Елбасы әлеуметтік саланы дамыту мақсатында бірқатар тапсырма берді. Бұл бағытта 2,3 трлн теңге қаражат бөлінді. Біздің мақсатымыз - xалыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Осыған дейін тұрғындармен кездесіп, тілдестік. «Нұр Отан» партиясымен, жергілікті белсенді азаматтар бірге жұмыс жасаймыз деп сенемін», - деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Жиында табысы төмен отбасыларға көмек көрсету, аз қамтылған азаматтар үшін тұрғын үй мәселесін шешу, білім беру мен денсаулықты жақсарту тақырыптары қозғалды. Сондай-ақ, жан-жақты көмек көрсетуді қамтитын «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде айтылған Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындаудың негізгі бағыттары айтылды.


Бұл топта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов, Орман және жануарлар әлемі комитетінің төрағасы Каир Рыскелдинов бар.

100-ге тарта аз қамтылған отбасылар мен көпбалалы аналар өз мәселелерін көтерді.

Гүлшара Әбдіқалықова xалықтың пікірі ескеріліп, өтініштердің қаралатынын жеткізді. Сондай-ақ, облыс басшылығына тапсырма жүктеді.