#
#
Жексенбі 17/12/2017

Түркістанда ТҮРКСОЙ Тұрақты кеңесінің отырысы өтті

  • 05.12.2017
  • 0
  • 478

Бүгін Түркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасы атанған Түркістан қаласында  ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы тұрақты Кеңесінің 35-ші отырысы өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Тұрақты кеңес отырысына Халықаралық түркі мәдениеті ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрі Нуман Куртулмуш, Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат және туризм министрі Сұлтанбек Жұмағұлов және ТҮРКСОЙ мүше елдердің мәдениет министрліктерінің өкілдері, мәдениет қайраткерлері мен түркі кеңесі, түркітілдес мемлекеттерінің парламенттік Ассамблеясы, халықаралық түркі академиясы, түркі мәдени мирас қоры секілді халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Кеңес отырысын ашып, жүргізіп отырған ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы түбі бір түркі халықтарының бірлігі мен ынтымағы одан әрі нығая беретінін айтып, Түркістан түркі әлемінің астанасы аясында өткен шараларға атсалысқан барша түркі халқына алғыс айтты. Ал, Халықаралық түркі мәдениеті ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов Түркістанда жыл аясында өткен іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастырып, өткізгені үшін облыс әкіміне алғысын білдірді.

Басқосуда түркі елдерінің Мәдениет министрлері түбі бір бауырлардың мәдени-рухани байланысын нығайту жолында игілікті істердің көптеп өтуіне басымдық берілу қажеттігін көтеріп, рухани қалада өткен мәдени шаралар бойынша өз пікірлерін білдірді.

Жиында сөз алған облыс әкімі Ж.Түймебаев түркі мәдениетін әлемге танытатын халықаралық деңгейдегі тұрақты кеңестің маңыздылығына тоқталып, түркі әлемінің астанасы мәртебесі бұйырған – ежелгі Түркістан қаласына қош келдіңіздер, - деді.

«Түркі халықтары жаһандану заманында алпауыт елдерге жұтылып кетпей, ұлттық кодын, өзіндік ерекшеліктерін, мәдениеті, руханияты мен мемлекеттілігін сақтап қалу  үшін өзара ынтымақтастығын нығайтып, бірлігін бекемдей түсуі керек. Осыны ескерсек, «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы Елбасының рухани жаңғыру жөніндегі бастамасымен үйлесіп, Мәңгілік Ел мұраттарымен үндесіп жатыр.  Біз осынау маңызды шараны барынша жоғары деңгейде өткізуге бар күш-жігеріміз бен ынта-ықыласымызды салдық. Осы мәртебелі міндетті жоғары деңгейде атқару мақсатында ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі тарапынан жоспарлы да жүйелі жұмыстар жүргізілді», - деді облыс әкімі. 

Бұдан бөлек, аймақ басшысы Түркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасы аясында Түркістан мен Шымкент қалаларында ұлы даланы дүбірге бөлеген, түркі тұтастығын тереңдете түсетін мәні мен мазмұны астасқан ауқымды 40-тан астам шара ұйымдастырылғанын атап өтті. Сондай-ақ, әкім 2020 жылы Шымкент қаласы ТМД елдерінің мадени астанасы болып жарияланғанын айтып, барша түркі халқын аталмыш іс-шараның қадірлі қонағы болуға шақырды.

Халықаралық ұйымына мүше Мәдениет министрлерінің  дәстүрлі кездесуінде ТҮРКСОЙ-дың өткен жылғы атқарған есебі тыңдалып, 2017 жылы Түркі халықтарының мәдени-рухани байланыстарын нығайту жолында атқарылған шаралар талқыланды. Сонымен бірге, ұйымның алдағы жылға арналған жоспары мақұлданды. Алқалы жиын нәтижесінде қатысушылар ТҮРКСОЙ тұрақты Кеңесінің ХХХV отырысының Декларациясы мен жұмыс хаттамасын қабылдап, қол қойды. 

Сонымен қатар, Кеңес отырысына қатысушы түркі елдерінен келген қонақтар қолөнер орталығындағы «ТҮРКСОЙ» бейнелеу өнері көрмесін тамашалап, онда суретшілер кездесуінің жеңімпазына ТҮРКСОЙ арнайы сыйлығын тапсырады.


0 пікір

Пікір қалдыру

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар