16 жел, 2018 сағат 07:28

Түркістан облысында мереке қарсаңында медицина мамандары марапатталды

Түркістан облысында 200-ге жуық медицина қызметкері Тәуелсіздік мерекесіне орай марапатталып, бір айлық жалақы көлемінде сыйақы алды. 8 дәрігерге мемлекеттік ордендер табысталды.

Облыстың медицина саласының дамуына зор үлес қосып жүрген дәрігерлерді Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев құттықтап, алғыс хаттар табыстады. Атап айтқанда облыстық клиникалық аурухананың бөлім меңгерушісі Назира Жарқынбекова «Құрмет» орденімен марапатталды. Ал, Шардара аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Жанар Оспанова мен Түркістан қалалық орталық ауруханасының бөлім меңгерушісі Камагүл Мұсақожаева Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың қолынан «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды.

Сонымен қатар облыстық клиникалық аурухананың дәрігер- трансфузиологы Амалбек Белгібаев пен Қазығұрт аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Айкүл Ақынғазиева, педиатр дәрігері Наушарман Боранбаева мен Түлкібас аудандық орталық ауруханасының дәрігері Бахытжан Күзембаев, Ордабасы аудандық орталық ауруханасының бөлім меңгерушісі Салтанат Сеитова «Шапағат» медальдарымен марапатталды.

Облыстық денсаулық сақтау мекемелерінің 50 - ге тарта қызметкері Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан үлкен марапаттарға ие болды. Бірқатарына облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары, облыстық мәслихаттың грамоталары мен «Нұр Отан» партиясының Құрмет грамоталары табысталды.

Сондай- ақ, 16 маман «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау үздігі» төсбелгісімен марапатталды. 17 дәрігер «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілерін тақты. Бұдан өзге 7 дәрігер «Еңбек ардагері» төсбелгісін тақты. Оларға ҚР Денсаулық сақтау министрінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары табыс етілді.