07 қыр, 2018 сағат 16:12

Түркістан облысы: Фирдоуси мектебіндегі жағдай тұрақтанды

Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы Фирдоуси елді мекенінде орналасқан А.Фирдоуси атындағы жалпы орта мектебіндегі жағдай тұрақтанды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыстық білім басқармасына сілтеме жасап. 

«А.Фирдоуси атындағы жалпы орта мектепте 700 оқушы білім алса, соның 371-і - қыз балалар. Олардың барлығы дерлік мектепке діни атрибуттық белгілері бар формамен келіп жүрген. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде 4 қыркүйек күні бастауыш сыныпта оқитын (1-4 сыныптар) қыз балалардың барлығы талапқа сәйкес формаға көшті. Ал, жоғары сыныпта оқитын қыз балалардың 165-і бірыңғай мектеп формасын сақтап, сабаққа қатысып отыр. Сондай-ақ, мектеп формасын сақтамаған 60 қыз баламен мамандар жұмыс жүргізіп жатыр» делінген облыстық білім басқармасы таратқан хабарламада.

Білім жəне ғылым министрінің «Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту» туралы 2016 жылғы 14 қаңтардағы бұйрығын сақтау туралы түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілген. Мәселені шешу үшін аудан әкімдігі және облыстық білім, ішкі саясат, отбасы, балалар және жастар ісі жөніндегі басқармаларының қатысуымен арнайы жұмысшы топ құрылып, нақты іс-шара жоспары бекітілді. Топтың құрамына облыстық деңгейдегі құқық қорғау органдарының қызметкерлері де қосылды.

А.Фирдоуси атындағы жалпы орта мектепте 3 қыркүйектен бастап бірыңғай мектеп формасын сақтамаған оқушыларға білім ұясына кіруге тыйым салынды. Сондай-ақ, 3 күн бойы мектептен қалған оқушылардың ата-аналарына айыппұл салу шаралары жүргізіліп жатыр.

«Наразылық танытқан ауыл тұрғындарына жұмысшы топтың мүшелері түсіндіру жұмыстарын жан-жақты  жүргізді. Мемлекеттік органдар мен діни бірлестік мамандары да ата-аналар қауымы, ауыл билері жəне зиялы қауым өкілдерімен бірге жиындар өткізіп, зайырлы мемлекеттің білім ұяларындағы ортақ стандарттарды сақтау талабы түсіндірілді. Арнайы барған 40 психолог маман мұғалімдермен және оқушылардың әрбірімен жұмыс істеп, зайырлы елдегі ең басты құндылық - мемлекет заңына бағыну екенін айтты. Күйзеліске қарсы тұру және оның алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары мен тренингтер өткізілуде. Бүгінде облыстық білім басқармасы мен жергілікті әкімдік тарапынан әлеуметтік жоспар жасалған. Қыркүйектің 7-сінен бастап оқушылар спорттық және мәдени іс-шараларға қатысады» деп хабарлады Түркістан облыстық білім басқармасы.

Айта кетейік, жаңа оқу жылы қарсаңында А.Фирдоуси атындағы жалпы орта мектеп ғимаратының ашылу салтанаты өтті. Биыл республикалық бюджеттен 600 орындық білім ұясына 1 млрд 350 миллион теңге бөлініп, соңғы үлгідегі оқу орны салынған болатын.