23 там, 2019 сағат 13:44

Туристерге арналған мобильді қосымшаның мүмкіндігі мол

Таразда QR код арқылы жұмыс жасайтын «Taraz Tour» мобильді қосымшасын пайдалану бойынша тренинг өтті. Тренингке Жамбыл облысындағы туристік фирма басшылары мен қонақ үй, мейрамхана, кафелер және шипажай қызметкерлері қатысты.

Аталған қосымшаның ең тиімді тұсы – офлайн  режимде де қолдануға болады. Яғни, туристерге интернет желісі жоқ жерде де қолжетімді.

Әзірлеушілердің айтуынша, қосымша қала тұрғындары мен қонақтарына аймақтың көрікті, туристік орындары туралы ақпарат беру үшін жасалған. «Play Market» пен «App Store» қосымшалары бар барлық  смартфондарға жүктеуге мүмкіндік бар. Сонымен бірге «кеңейтілген» режимде Жамбыл өңірінің көрікті жерлері туралы баяндайтын аудио-видео нұсқаулықтармен қамтамасыз етілген.

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында іске қосылған «Taraz Tour» мобильді қосымшасы туристерге қонақ үй, санаторий, мейрамханаға тапсырыс беруге мүмкіндік береді. «Алматы-Тараз-Шымкент» тас жолы бойында орналасқан қалаға кіре берістегі маңдайшаға ретрансляторлар орнатылған. Сәйкесінше қалаға кірген машиналарға радио арқылы автоматты түрде «Қош келдіңіз» сөзі мен мобильді қосымша арқылы ақпарат жіберіледі. Сонымен қатар, орналасқан жері, бағыты мен мекенжайынға қалай жетуге болатыны база арқылы көрсетіледі. Сондай-ақ, қосымшаны қолданушы пікір қалдырып, өз ойын білдіре алады. Бұл туристік индустрияны одан әрі дамыту үшін туристердің қызығушылығын бақылауға мүмкіндік береді», - дейді Жамбыл облыстық туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова.

Оның айтуынша, мобильді қосымша гид көмегінсіз аймақ нысандарымен таныстырып, маршрут жасауға, тарихи нысандар туралы мәліметтер беруге жағдай жасайды.

Мобильді қосымша қазақ, орыс, ағылшын, түрік және қытай тілдерінде қызмет көрсетеді. Онда орнатылған арнайы интерактивті карта мен навигатор көмегі арқылы туристерге ең жақын жердегі көрікті жерлер, қонақ үйлер мен тамақ сататын орындарды оңай табуға болады. Аймақтағы 33 туристік жерде нысан туралы ақпарат пен QR код орнатылған.