06 қыр, 2019 сағат 17:19

Толымбай көліндегі балықтардың неден қырылғаны белгілі болды - СҚО

Мамандар Солтүстік Қазақстан облысындағы Толымбай көліндегі мөңке балықтардың жаппай қырылу себебін анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Табиғи апат болған жерге инспекция, Табиғат ресурстар басқармасы және облыстық экология департаментінің қызметкерлерінен құралған комиссия барып, бірнеше қажетті сынаманы алды. Бүгінде зертханалық сараптаманың нәтижесі шықты.

«Ветеринарлық зертханада жүргізілген сараптама мен экологтардың қорытындысы белгілі болды. Тексеріс барысында сараптамаға алынған су мен балық сынамаларынан үш есеге дейін артық пестицид пен тұз табылды», - дейді СҚО Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы бөлімінің бас маманы Елдар Кәкібаев.

Осы іске қатысты барлық материалдар құқық қорғау органдарына жіберілді. Көлге зиянды заттардың қайдан келгенін құзырлы мекеме анықтайды.

Жамбыл ауданындағы Толыбай көлінен жалпы салмағы 185 келі мөңке балығының өлекселері алынып, өртелген болатын. Мамандардың есебінше, қоршаған ортаға келген шығын көлемі 200 мың теңге шамасында.

Естеріңізде болса, 20 тамыз күні СҚО Жамбыл ауданы Толымбай көлінде балық жаппай қырылып, ауыл тұрғындарының үрейін ұшырған еді.