07 қар, 2016 сағат 13:02

Татулық пен келісім ең басты байлық ел үшін

Облыстық әкімдіктің үлкен залында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова мен Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжановтың қатысуымен Қоғамдық келісім кеңестерінің республикалық форумы болып өтті. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған алқалы жиынды өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы, облыс әкімі Амандық Баталов ашып, жүргізіп отырды.

ЖЕТІСУЛЫҚТАР ЫНТЫМАҒЫ ҮЛГІ ЕТІЛДІ

Барлық облыстық Ассамблея хатшылықтарының меңгерушілері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің Қоғамдық келісім кеңестерінің төрағалары, облыстық басқармалар басшылары, аудан және қала әкімдері мен әкімдіктер қызметкерлері, құқыққорғау органдарының, ақсақалдар кеңесінің, діни конфессиялардың, жастар және басқа да қоғамдық бірлестіктердің, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан форумда еліміздегі бейбітшіліктің, тыныштықтың, тұрақтылықтың негізіне айналған Қазақстан халқы Ассамблеясы атқарған жұмыстардың тиімділігі талқыланып, озық үлгілі ұйымдардың атқарған істері мысалға алынды. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы таратқан мәліметке қарағанда, 105 этнос өкілі тұратын Жетісу жерінде 70 этномәдени бірлестік елді бір мақсатқа – Қазақстан халқының бірлігіне шақырып, этностардың мәдениеті мен тілін, дәстүрі мен салтын сақтауға, дамытуға қажетті мүмкіндіктер ұсынады.

Алғашқы болып мінберге шыққан Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова:
– Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Алматы облысында өткізіліп отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының Қоғамдық келісім кеңестерінің форумына хош келдіңіздер! Халқымыз: «Ырыс алды – ынтымақ» деп бірлік пен татулықтың туын әрдайым биікте ұстап келеді. Осы игілікті дәстүр Тәуелсіздік жылдарында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында жемісті жүзеге асырылуда, – деп өңірдегі қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға үлес қосқан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын ерекше атап өтті. – Бұл орайда бабаларымыз жер жаннатына балаған Жетісу өлкесінің еліміздегі бірліктің тамырын тереңдетуге елеулі үлес қосып келе жатқанын атап өтуіміз керек. Қысқа уақыттың ішінде халқымыз Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жетекшілігімен өте жоғары және талассыз жетістіктерге қол жеткізді. Тәуелсіздік алған күннен бастап бүгінге дейін біздің жеңісіміздің қозғаушы күші қоғамдағы бірлік пен келісім болды. Бұл экономика, саясат, әлеуметтік салалар, тіл және мәдениеттің тұрақты дамуының негізгі тетігіне айналды. Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІV сессиясында сөйлеген сөзінде Елбасы тәуелсіздік, келісім, болашағы біртұтас ұлт сынды ұғымдардың өзара байланысын, олардың қазақстандық ортақ арман – күшті, лайықты және мәңгі мемлекет – Мәңгілік Елді жүзеге асырудағы рөлін атап өткен болатын. Соның заңды жалғасындай болған «5 институционалдық реформаны» жүзеге асыруға белсене атсалысып, 25 жылдық мерейтойымызды лайықты атап өтуге дайындық жасаудамыз.

Мемлекеттік хатшының айтуынша, Елбасы ұсынған 5 институционалдық реформа болашағы біртұтас ұлттың бірлігін қалыптастыруы тиіс. Сол мақсатқа орай қабылданған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының «Біртектілік пен бірлік» атты 4 бөлімінде көрсетілген мәселелер Қазақстан халқы Ассамблеясына арналғандай. Себебі, еліміздегі қоғамдық келісімді одан ары нығайту бүгінгі күннің міндеті. Сол арқылы келешек ұрпаққа күллі адамзатқа қажетті бірлік, ынтымақ, татулық сынды қасиеттерді паш ете аламыз. Қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісіне әлем жұртшылығы назар аударып отыр. Біздегі татулықтың, бірліктің, ынтымақтың үлгісінде өзге мәдениеттердің жұтылып кетуі және ұлттардың құқықтарын шектеу сынды өрескелдіктер жоқ. Еліміздегі келісім мен бейбітшілік нығайған сайын Тәуелсіздік жолының табысты бола түсетінін Президент бұған дейін айтқан болатын. Соған байланысты Ассамблеялар жанындағы қоғамдық келісім кеңестерінің жұмысы осы бағытта жүруі керек. Алдына қойылған міндеттерді орындау бойынша Алматы облысы жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Соның қатарында «Аналар кеңесі», Достық үйі, медиация кабинеттерінің жұмыстарын атауға болатынын жеткізген Гүлшара Наушақызы тұрғындардың саяси белсенділігін, қайырымдылықты арттыруға қосқан үлестерін атап өтті. Оның қатарында тұрғындардың түрлі әлеуметтік мәселелерін шешуге ықпал еткен 420 іс-шара бар. Сондықтан қоғамдық институттарды дамытып, халықтың игілігіне пайдалануға мүмкіндігі бар Жетісу жұртшылығының тәжірибесі өзге облыстарға ұсынылады.

Бұдан соң мінберге көтерілген Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов:
– Тәуелсіздіктен асқан құндылық жоқ. Тәуелсіздік біздің рухымыз, болашағымыз. Олай болса 25 жылда жасалған үлкен жұмыстардың нәтижесі, бүкіл елде туымызды желбіретіп, рухымызды көтерген Тәуелсіздігіміз құтты болсын! – деп Жетісу жерінде атқарылып жатқан жұмыстарға өз бағасын берді. – 5 институционалдық реформаның ішіндегі 4 бөлімі қазақстандық береке мен бірлікті нығайтуға бағытталған болатын. Соның негізгі жалғасы еліміздегі қоғамдық келісімге байланысты шаруалар ортаға салынып, біраз талқыланды, айтылды. Сондағы нәтижелерге қарасақ, қазақстандықтардың 88,9% Ассамблея жұмысын оң бағалайды, 94,1% респонденттердің айтуынша, Ассамблеяның негізгі міндеті халықтың бірлігін нығайту, 93,6% Ассамблеядағы этномәдени бірлестіктердің жұмысын қолдайды. Мұның бәрі әлеуметтік зерттеулердің нәтижесінен шығарылып отыр. Осыдан төрт жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қоғамдық келісім кеңестерінің жұмысын жетілдіруді тапсырған болатын. Бүгін солардың жұмыстары бір жүйеге келтірілді. Жалпы Қазақстан бойынша 2 мың 207 қоғамдық келісім кеңестері құрылып, 21 мың 23 адам кеңес мүшесі ретінде тіркеліп отыр. Бұл, ең алдымен, Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын ауылдық жерлерге дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Алғашқы жылдарда Ассамблея мүшелері аудан орталықтарының өзінде болмаған. Сондықтан бұл үлкен жетістік, үлкен нәтиже.

Баяндамашының айтуына қарағанда жұмысы мемлекеттік деңгейде қадағаланып отырған Қоғамдық келісім кеңестеріне қатысты заңнамалар, бағдарламалар дайындалған. Солардың қатарында Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген «Қазақстан халқы Ассамблеясының 2025 жылға дейінгі даму концепциясы» бар. Соған сай Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІV сессиясында Елбасы барлық облыстың әкімдеріне, аумақтық Ассамблея хатшылықтарына қоғамдық келісім кеңестерінің төрағаларын жергілікті өзін-өзі басқару, қайырымдылықты кеңінен жаю, медиация ісін дамыту сынды істерге қатыстыруды тапсырған болатын. Міне, осы міндеттер үдесінен шыққан Алматы облысында 252 қоғамдық келісім кеңесі жұмыс істейді.

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жанында 262 «Аналар кеңесі», 242 «Ақсақалдар кеңесі», этномәдени бірлестіктердің 35 жастар қанаты бар. Одан бөлек, белсенділер саны 1 мың 140 адамға жеткен. Солардың қатарынан өз жұмысына асқан жауапкершілікпен қарайтын мүшелер ретінде облыстық Ассамблея жанындағы қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Оралбек Жақиянов, Алакөл аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Клавдия Власенко, Еңбекшіқазақ аудандық Аналар кеңесінің төрағасы Зулбия Раджабова, Іле аудандық  қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Сахид Чатуев, орыс орталығы төрағасының орынбасары Лариса Котельникова сынды жандардың есіін атаған Ералы Тоғжанов Жетісу жеріндегі ынтымақ пен бірлік күллі Қазақстан жұртшылығына үлгі екендігін баса айтты.

Бұдан соң жарыссөзге шыққан Жезқазған қалалық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Бекзат Алтынбеков, Алматы облыстық сотының судьясы Нұргүл Жәкенова, Жамбыл облыстық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Шәбден Төлеубаев, Қызылорда облыстық Аналар кеңесі төрайымының орынбасары Нұрсәуле Мұсаева, Қостанай облысының Таран аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы Евгения Сириус кезекпен мінберге көтеріліп, өздерінде атқарылған жұмыстардың нәтижесін таныстырды. Жарыссөзге шығушылардың бәрі де Жетісу жерінде қалыптасқан бейбітшілік пен ынтымақтың үлгісін тілге тиек етіп, өздерінде тәжірибе ретінде қолданатындарын атап өтті.

Қоғамдық келісім кеңестерінің республикалық форумын түйіндеген облыс әкімі Амандық Баталов: – Биыл Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы. Азаттық аңсаған халқымыз ширек ғасырды артқа тастап, үлкен жетістіктерді бағындырды. Мемлекетіміз қарыштап дамып келеді. Елбасымыздың кемеңгер саясатының арқасында Қазақ елі әлемге танылды. Ұлы Дала елінің ұрпақтары Мәңгілік Ел болу жолында биік мақсат пен асыл мұраттарға ұмтылды. Біздің тілегіміз – қасиетті жеріміздегі ел шаңырағы биік, береке-бірлігі жарасқан халқымыз аман болсын,  – деп алқалы жиынға келген қонақтарға алғысын білдіріп, ел игілігі үшін атқарып жүрген ортақ жұмыстарға жеміс тілейтінін жеткізді. – Бүгін өткен форумға аймақтардан келіп, қатысушылар айтқан жұмыстарды біз де назарға алатын боламыз. Өйткені, оларда да көптеген жұмыс атқарылғанын байқап отырмыз. Сол арқылы біздің де үйренетін нәрселеріміз бар. Сондықтан бүгінгі форумның берері көп болды. Баршаңызға Тәуелсіздік жолында еткен еңбектеріңіздің табысты болуын тілеймін. Алдымызда Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған үлкен мереке тұр. Оны абыроймен атқару, лайықты деңгейде атап өту баршаға міндет. Соған сай біздің облысымызда «Жұлдызды 25 күн» атты мерекелік шаралар өткізіліп жатыр. Мысалы, мереке қарсаңында бір күннің ішінде мемлекет пен жекеменшіктің әріптестігімен салынған 25 балабақшаны пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Сондықтан ойға алған істеріңіз нәтижелі болсын!

Республикалық форумға жиналғандар бұдан соң «Менің Елім – Мәңгілік Ел» атты жастар акциясына қатысты.

БАЛ БАЛАЛЫҚ БЕСІГІ

Көркейген  Талдықорғанның жаңадан бой  көтерген алтыншы шағын ауданында  заман талабына сай  «Алтын бесік» атты жекеменшік балабақша ашылған еді.  Мектепке дейінгі мекемелер ашуға бизнесті  тарту – уақыт талабы. Бұл орайда облысымыз белсенділік танытып келеді.  Өткен жылы  Жетісу жерінде барлығы 99 балабақша бой көтерсе, соның     88-і жекеменшіктердің үлесінде. 
Ал биыл барлығы 88 балабақша салынса, соның 75-і жеке кәсіпкерлердің қаржысына  тұрғызылған.  Жақында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай  25 балабақша бір күнде ашылмақшы.
Жұма  күні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова облысымызға келген іссапарында періштелер үйін көрді.  Мекемеге кіреберістегі тақтадағы балабақшамен қамту барысындағы көрсеткіштерді облыс әкімі Амандық Баталов Мемлекеттік хатшыға кеңінен айтып, түсіндірді. Кең де жарық дәліз мекемеде балаларға барлық жағдайдың жасалғандығынан хабар береді.  Құстың ұясындай ғимарат ішінде  көңілді әуен естіледі.  Яғни, сәби жаны сұлулыққа  тәрбиеленуде.  Гүлшара  Наушақызы  балабақша ішін аралау барысында ағылшын тілі кабинетіне бас сұқты. Тәрбиеші  бүлдіршіндерге  заттардың түсін ағылшын тілінде қалай атайтындығын  сурет арқылы, ерекше тиімді  әдіспен түсіндіруде. Көп тіл – көкжиегіңді кеңейтеді.  Балалардың тіл білуге деген ынтасы жоғары.  Жамырасып, білгендерін  бірінші болып айтуға тырысып, бағуда.  Қонақтар «Қошақан» тобына  да кіріп,  балалардың зердесін ашу барысында өткізіліп жатқан танымдық сабаққа қатысты.  Күздің ерекшеліктері мен ауа райындағы құбылыстарды айтуда балалардың  жылдамдығы мен тапқырлығы, ойын еркін жеткізе білуі  сарапқа салынды.   

Балабақшаны аралау барысында  Гүлшара Әбдіхалықова мекеменің иесі Қанат Жұлыновтан бизнесінің қалай жүріп жатқандығы жайында сұрады.  Кәсіпкер аталмыш мекемені ашуға қаржыны «Даму» қорынан алғандығын айтты.  Жұмысы жанданып,  балалардың көптеп келіп жатқанын сөз етті.  Үш жүз жиырма балаға арналған балабақшада барлығы 16 топ бар. Оның  11 тобы қазақша. 
Шынында да облысымызда  мектепке дейінгі мекемеге баруға сұраныс білдірушілер саны  тоқтаусыз өсуде. Демографиялық жағдайдың  тұрақтылығына байланысты балабақшаға балаларын орналастыруға сұраныс берушілер саны  артып отыр.  Мысалы, 2011 жылы мектепке дейінгі ұйымдардағы балалар саны 40701 болса, 2016 жылы балабақшадағы бүлдіршіндер қатары 63029-ға жеткен. 

Жалпы аумағы 2500 шаршы метрді құраған  періштелер мекенінде  барлығы 90 адам жұмыспен қамтылған. Оның  45-і тәрбиешілер мен арнайы мамандар.  Балабақшада  ағылшын тілі, ата-аналармен қарым-қатынас жасайтын  онлайн режимі, сондай-ақ, логопед, психолог мамандары еңбек етеді.  Хореография, каратэ, би топтары бар. Заман талабына орай  ашылған бүлдіршіндер мекенінен келген қонақтардың көңілі сергек шықты. Қуанбағанда ше, мекеме ішін Тәуелсіз елдің ұрпақтарының шат-шадыман күлкісі  жаңғыртып жатты. Балаларға арналған игілікті істер әлі де жалғаса бермек.

Жас маманы көп емхана

Өткен жылы Көксу ауданында су жаңа емхана есігін айқара ашқан еді. Сол күннен бастап аудан тұрғындарының денсаулығын жақсартып, науқастарға қалтқысыз және сапалы қызмет көрсетіп келе жатқан Көксу аудандық емханасының ұжымы келген адамның жанын жадыратады. Облысқа арнайы іссапармен келген ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова«100 мектеп, 100 емхана» бағдарламасы бойынша бой көтерген емханаға арнайы бас сұғып,  облыс басшысы Амандық Баталов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиевпен бірге аралап көрді.    

Мәртебелі қонақтарды қарсы алған Асхан Байдувалиев облыста денсаулық саласы бойынша істеліп жатқан жұмыстарды баяндап берді. Облыс бойынша 829 медициналық мекеме бар. Оның 79 пайызы мемлекеттік болса, 21 пайызы жекеменшік. Адам өмірінің ұзақтығы орташа 71,9 пайызды құрап отыр. Бұл қуанарлық жағдай. Облыс бойынша демографиялық көрсеткіште де оң өзгерістер бар. Бала туу мәселесі 2015 жылдың көрсеткішімен мың адамға шаққанда 25,3 нәрестені құрап отыр.  Бұл 2011 жылмен салыстырғанда жоғары. Бүгінгі таңда облыста денсаулық саласының бюджеті 80,1 млрд. теңгені құрап отыр. Материалдық-техникалық база да жеткілікті. Осындай жаңалықтарды басқарма басшысының аузынан естіген Мемлекеттік хатшы жаңа берілген емхананы аралап көрді. Ең бірінші тіркеу бөлімімен танысты. Бөлім жаңа технологиямен жабдықталған. Мәселен, кез келген ем алуға келген тұрғын бұрынғыдай ұзын сонар кезекке тұрмайды. Тіркеу бөліміне келіп, медбикеден арнайы талон алады. Бұл электронды талон. Науқас талондағы көрсетілген сан бойынша дәрігерге қарала алады. Яғни, емханада табло орнатылған. Сол таблода науқастың қолындағы сан жанған кезде дәрігерге кіруге рұқсат. Электронды база облыстық денсаулық басқармасымен және республикамен де байланысты. Барлығы ашық түрде тіркеуге алынады.  

Мұнан кейін аудандық емхананың бас дәрігері Марат Абдығалымов емдеу бөлімдерімен таныстырды. Су жаңа кабинеттер мен жаңа материалдық базаны көрген Гүлшара Әбдіхалықова облыс басшысы мен дәрігерлерге ризашылығын білдірді. Жас мамандардың көбейгені, кадр мәселесінің шешім тапқандығы Мемлекет хатшысының көкейінен шықты. Мәселен, аудандық емханаға сегіз жас маман тартылған. Олардың барлығы жоғары білімді дәрігерлер. Бағдарламаға сәйкес, өздерінің қаражаттарын алып, бүгінгі таңда еңбек етуде. Сондай жас маманның бірі Талапты ауылына келін болып түскен Фариза Самбетова профилактикалық-әлеуметтік психологиялық бөлімнің меңгерушісі, дәрігер-терапевт «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен қызметке орналасқан. Мемлекет хатшысына кабинеттің жұмысын таныстырып, күнделікті науқастармен тығыз байланыс орнатқандығын атап өткен жас маманға сәттілік тіледі. Аудандық емхананың бас дәрігері Марат Сабетайұлының сөзіне сүйенсек, емхана өткен жылы қыркүйек айында пайдалануға берілген. Бұл мақсатқа бюджеттен 1 млрд. 200 млн. теңге бөлінген. Оның 347 млн. теңгесіне медициналық құрылғылар сатып алынған. Қойылған аппараттардың барлығы ең сапалы шетелдік аппараттар. Емханада 46 дәрігер, 158 медбике жұмыс істейді. Жалпы аудан бойынша 76 дәрігер бар. Аталған мамандардың барлығы аудан тұрғындарына сапалы қызмет көрсетеді. 

Адам денсаулығының күзетшісі болған ақ халатты абзал жандардың қызметі Мемлекет хатшысының көңілінен шықты.

Жастар акциясы бастау алды

«Жастар» спорт сарайында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Менің елім – Мәңгілік Ел» атты Қазақстан Халқы Ассамблеясының жалпы республикалық жастар акциясы бастау алды. Оған жетісулық жастар қатысты.

Алматы облысында бастау алып отырған акция жастардың қуаты мен болашаққа деген биік талпынысын көрсететін хореографиялық қойылымнан басталды. Бұл шараға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова қатысып, жастарға жалынды тілегін арнады. 

– Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық белесінің  Жетісу жерінде жастар акциясымен бастау алуының символикалық мәні зор. Жастар –тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағы, жасампаз істерінің жалынды қозғаушысы. Ширек ғасырда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясаты мемлекетіміздің мерейін өсірді, елдің еңсесін тіктеді, халықты толайым табыстарға бастады. Қоғамдағы татулық пен келісімді арттырды. Еліміз әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамудың даңғыл жолына шықты. Сондықтан бүгінгі таңда Қазақстан, Назарбаев, Тәуелсіздік ұғымдары ажырамас біртұтас мағынаға айналды. Осы арқылы біз «Мәңгілік Елдің» мәңгілік мызғымас тұғырын бекіттік, – дей келе елімізде жастардың білім, мамандық алу, жұмысқа орналасу, жас отбасыларын қолдау, баспаналы болу мәселелерінің шешімін тауып отырғанын алға тартты. «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын жүзеге асыруда жастарға мол табыс тілеп, олардың егемен еліміздің баянды болуына елеулі үлес қоса беретіндіктеріне сенімін білдірді.

Жастар акциясында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының  орынбасары Ералы Тоғжанов сөз алып, жетісулық жастардың белсенділігіне, облыстың да әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктерінің мол екендігіне тоқталды. 

Облыс әкімі Амандық Баталов жастарға  жылы лебізін білдіріп, акцияның Жетісу жерінде басталуының тегіннен тегін еместігін, бұл Елбасының туған жері екендігін мақтанышпен айтты. Бүгінде іргесі берік қаланған Қазақстанды биік деңгейге көтеретін жас буын екендігін атап өтіп, оларға үлкен сенім білдірді. Мемлекетіміздің бүгінгі жетістікке татулық пен бірліктің арқасында қол жеткізгенін, бір ғасырда атқарылатын үлкен істі 25 жылда еңсергенін де тілге тиек етті.
Шара барысында Қазақстан эстрадасының жарық жұлдыздары Әли Оқапов, «Азия», «Нури» топтарының әншілері ән шырқап, әлем чемпионы, ауыр атлет Нижат Рахимов, «Талдықорған көшбасшысы – 2016» атағының иегері Әсем Қалибек жалынды сөздерін жеткізді.  Шарада Елбасына арнаған Жастардың үндеуі де оқылды. Акцияның символы – «Мәңгілік ел» кітабы Алматы қаласының жастарына салтанатты түрде табыс етілді. Аталған кітап арқылы Қазақстан жастары Елбасына тілегін жазып жолдамақ. 

«Мәңгілік ел» кітабы Қазақстанның түкпір-түкпірін аралаған соң Астана қаласында өтетін акцияда Елбасына табыс етіледі.

Әйел – АНА,
әйел – БАҚЫТ

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжанның облыс орталығына келген жұмыс сапары Тіл сарайындағы кәсіпкер әрі белсенді әйелдердің көрмесін тамашалаумен жалғасты. Әйелдер бастамашылдығын көрсететін арнайы көрмеде әйел азаматшалар басқаратын, атап айтсақ, Халықаралық ментальді арифметика академиясы, «DOLCE», «Алматинские краски», «Ирада Балық», «Ажар» тігін фабрикасы және басқа да кәсіпорындар өз өнімдерін ұсынды. 

Ғимараттың үлкен залында Мемлекеттік хатшы Жетісу өңірінің өркендеуіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына еңбегі сіңген мәслихаттағы, мемлекеттік органдар басшылығындағы, бизнес-қауымдастық, азаматтық сектор саласындағы және шығармашылықпен айналысатын, қоғамдық қызметке белсене атсалысатын әйелдер қауымымен кездесті. Жиында әйелдердің мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудағы белсенділігін арттыру, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау, басшылық лауазымдағы әйелдердің үлесін арттыру, отбасылық құндылықтарды нығайту, отбасылық-демографиялық саясатты дамыту мәселелері талқыланды.

Жиында сөз бастаған өңір басшысы Амандық Баталов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың гендерлік саясатты жан-жақты қолдағанының нәтижесінде облыста ілкімді істердің атқарылғанын алға тартты. – Ұлт Көшбасшысы: «Сіздер тәуелсіздік жылдарында қоғамның әрбір саласында еңбек ете жүріп, мінездің өткірлігі, рухтың мықтылығы қалыптастыратын ішкі байламдарыңыздың беріктігін, сондай-ақ отбасына, Отанға деген сүйіспеншіліктеріңізді жүректеріңіздің нәп-нәзік лүпілімен дәлелдеп келесіздер. Қиын-қыстау кезеңдерде морт сынбай, ер азаматтармен бірдей жұмыс жасап, ұрпақ тәрбиесін де ұмыт қалдырмай, қоғамнан өз орындарыңызды алдыңыздар», – деп әйел затына деген құрметін білдірген болатын. Соған орай әйелдердің қоғамдағы белсенділігі де артып келеді. Қазіргі уақытта облыс тұрғындарының 51 пайызын әйелдер құрайды. Мемлекеттік қызметте 7 мың 549 адам болса, оның    48, 7 пайызы нәзік жандылар. Әр деңгейдегі мәслихат құрамында 61 әйел белсенділік танытуда. Селолық, ауылдық округ әкімдерінің лауазымын ер азаматтармен теңдей атқарып жүрген 15 әйел бар. Ал облыстағы шағын және орта бизнестің үштен бірі әйелдердің үлесіне тиесілі. Әлеуметтік саланың басым көпшілігінде де қыз-келіншектеріміз жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Алдағы уақытта білімді де білікті, іскер нәзік жандылармен гендерлік саясатты өрістететін боламыз, – деді Амандық Ғаббасұлы. 

Елімізде осыдан 10 жыл бұрын, яғни, 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясы қабылданған болатын. Биыл осы құжаттың орындалу мерзімінің соңғы жылы. Жиын барысында Мемлекеттік хатшы Елбасының Жарлығымен қабылданған осы стратегияның аясында жасалған жұмыстар мен болашақтағы жоспарлар жөнінде сөз қозғады.    – Жыл аяғында осы стратегияны қорытындылаймыз. Бұл – Елбасының әйелдер қауымына жасаған үлкен қолдауы деп білемін. Себебі мұндай тәжірибе басқа ешбір елде жоқ. Гендерлік теңдік стратегиясының орындалуына жетісулық әйелдер де белсенді қатысты. Жалпы, қай салада болмасын, Алматы облысында әйел адамдардың белсенділігі жоғары. Осы беттеріңізден таймасаңыздар екен деймін. Ендігі міндет — Елбасының алдымызға қойған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындауға барынша атсалысу. Қазақстанның әлемдегі 30 елдің қатарына кіруі барысында әйел адамдарға да үлкен жауапкершілік жүктеледі, себебі, ел тұрғындарының 52 пайызы — әйел адамдар. Сондықтан осы реформаларды жүзеге асыру үшін аянбай еңбек етуіміз керек, – деді Гүлшара Наушақызы. 

Жиында Мемлекеттік хатшы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында айтылған негізгі міндеттерге тоқталып, жұмыссыздық көрсеткішінің деңгейін төмендетуді басты назарда ұстау керектігін тілге тиек етті. Әйелдер, жастар арасындағы жұмыссыздық та назардан тыс қалмады. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020», «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша облыста атқарылған нәтижелі істермен көпшілікті қуантты. Сонымен қатар, өңірде «Даму» қоры да әйел азаматтарына барынша қолдау білдіруде. Соның нәтижесінде облыстағы 64 әйелге 442 млн. теңге көлемінде несие берілді. Гүлшара Әбдіхалықова аталған  мемлекеттік бағдарламаның әрбір бағыты бойынша әлде де белсендірек жұмыс жасау керек екенін айтты.

Облыста бала туу көрсеткіші жоғары. Ана өлімі төмен. Алайда, туберкулез ауруымен ауыратындар санының көптігі біраз алаңдатады. Сондықтан бұл мәселеге де барынша мән  беріп, медициналық оқу орындарымен тығыз жұмыс жасалынуда. Алдағы уақытта мұндай кемшіліктердің жойылатыны анық. 

Мемлекет басшысының қолдауымен жыл сайын «Мерейлі отбасы» бағдарламасы жүзе асып келеді. Гүлшара Наушақызының айтуынша, алғашқы жылдары аталған байқауға мыңға жуық отбасы қатысса, биыл үш мыңнан аса шаңырақ қатысуға өтініш білдірген. Бұл – еліміздегі отбасылардың белсенділігін көрсетеді. Мемлекеттік хатшы қыз-келіншектердің, ата-аналардың жастар тәрбиесі мәселелеріне барынша мән беруі қажеттігін айтты. 

Басқосуда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаев гендерлік саясат тақырыбында баяндама жасады. Ал іскер әйелдер атынан Римма Салықова және І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры Ләззат Еркімбаева сөйлеп, көп балалы аналар Елбасына аналық алғыстарын айтты.

Жиын соңында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын лайықты өткізу қажеттігі атап айтылды. Мемлекеттік хатшы Жер жаннаты Жетісу жеріндегі жұмыс сапарында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жолында жоғары көрсеткішке жеткеніне ризашылығын білдіріп, облыс әкімінің аппаратына және барлық жетісулықтардың деніне саулық, отбастарына амандық, жұмыстарына табыс тіледі.

Мәди АЛЖАНБАЙ,
Гүлжан ТҰРСЫН,
Ришад ТҰРҒАНБАЕВ,
Алма ЕСЕНБАЕВА,
Еңлік КЕНЕБАЕВА,

“Жетісу” газеті