26 қыр, 2017 сағат 09:41

Тасадағы таланттарымыз танылса...

Елбасы «100 жаңа есім» жобасы туралы бастама көтерді. Атқарушы органдар бұл идеяны ауада қалқыған күйі, табанын жерге тигізбестен іліп алып кетті. Содан бері бүкіл қоғам боп жаңа есімдер іздеп әлекпіз.

Арнайы бюро құрылды, el.kz сайты арқылы өтінім қабылдаулар басталды. Қазақтың беткеұстар тұлғалары сол бір бұрышқа «жайғасып» өзара сынға түсті. Яғни, халықтың дауыс беру нәтижесі бойынша сараланып, үздіктер қатарынан көріну мүмкіндігіне ие болды. Бұл әрине, жақсы. Іріктеудің ашық түрде өткені, кез келген адамның дауыс бере алатындығы көкейге сенім ұялатады. Бұл бармақ басты, көз қысты болмауы үшін тиімді болмақ. Тағы бір жақсы жағы, жаңа есімнен үміткерлікке қазақ елінің кез келген тұлғасы өз-өзін ұсына алады. Бұл дегенің – өзін лайық санар тұлғаның именбей, қымсынбай үміткер атануына жақсы мүмкіндік. Алайда, сыртынан саралаған адамға мұның теріс жағы да бар болып шықты. Өзін-өзі ұлық санаған, болмашы жетістігін зор тұтқан кейбір пысақайлар тасада отырып танылуды көздейтін секілді. Әрине, сайт басшылығы тарапынан өтінімдер сарапталатыны анық. Бірақ «жаңа есім» болуға ынтық жандар арасынан түрлі адамдарды көріп, көңілге күмән ұялағыны тағы рас. Сосын айта кетер тағы бір түйіткілді жайт, үміткерлер жасына байланысты. «Жаңа есімдер» арасында жас та, жасамыс та жайраң қағады. Ақыры жаңа есімдер іздеген екенбіз, қырықтың қырқасына шыққан, елуді еңсерген, тіпті алпысты алқымдаған аға-апаларымызды тізімге қосу қаншалықты қажет? Қазақ елін әлемге танытып, халықтың ықыласына бөленген қаншама жас өрендеріміз бар. Ғылыми жаңалықтар ашып немесе тағы басқа ерек талантымен ел назарына түспей жүрген қанша дарындарымыз бар. Шындап іздесек, 100 есіммен шектеліп қалмасымыз анық. Құдайға шүкір, қазақ халқында бойына қасиет қонған, қабілет-қарымы ерекше талантты жастар көп. Біз сол бір елеусіз жүрген жас дарындарымызды насихат етуіміз қажет. «Бұлақ көрсең көзін аш» деген. Бұл жобаның мақсаты да сол емес пе еді.

Елбас Нұрсұлтан Әбішұлы да бүгінгі замандастарымыздың жетіс­тік­терінің тарихына баса назар аударуды ұсынып, бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асыруды тапсырды.

«Еліміздің Тәуелсіздік жылнамасы жазыла бастағанына небәрі 25 жыл болды. Бұл – тарих тұрғысынан қас қағым сәт десек те, еліміз үшін ғасырға бергісіз кезең. Әрине, жасалған жұмыстардың маңызы мен ауқымына ешбір күмән жоқ.

Дегенмен, осы қыруар істі атқарған, ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихы әдетте құрғақ фактілер мен цифрлардың тасасында қалып қояды. Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр», - дейді Ел Президенті өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында.

Рас, алуан түрлі тағдырлар тасада қалмай, халыққа насихат етіліп, билік тарапынан қолдау көрсетілуі керек. Олардың түрлі мәселелері шешіліп, мемлекет қамқорлығына алынғаны абзал. Сайып келгенде қазақ жұртын әлемге әйгілер тұлғаларды байрақ тұту – бәрімізге ортақ парыз болса керек-ті.

«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы.

Жобада нақты адамдардың нақты тағдырлары мен өмірбаяндары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс табады», - дейді Елбасы.

Біздің елде жүзден аса ұлт пен ұлыс өкілі тұратындықтан,  бұл жоба барлық этнос өкілдерін қамтиды. Яғни, Қазақстанның абройын аспандатып, беделін биіктетіп жүрген елдегі өзге ұлт өкілдері де сырт қалмау қажет. Осы арқылы бүгінгі Қазақстанның әлем алдындағы келбет-кесіні айқындала бастайды. Қай кезде де мемлекеттің бейнесі сол елден суырылып шыққан әйгілі адамдармен байланысты. Жаһанға ортақ тұлғасы бар ел – беделі басым, сыйы артық ел.

Қорыта келгенде, жаңа есімдерді анықтауда жаңсақтыққа жол бермей, нағыз таланттарды танимыз деген үміттеміз. Елдің болашағы – жастар қолында. 

Жандос Айман