07 ақп, 2019 сағат 21:29

Талдықорғанда 11 млн теңгенің аялдамасы жарты жылдан бері істемей тұр

Талдықорғанның кіреберісінде орнатылған «Smart» аялдама жарты жылдан бері істемей тұр. Ал бұл аялдаманың құны 11 миллион теңгеге бағаланған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Жалари даңғылының бойындағы смарт аялдама алғашқы кезде мердігер тарапынан үлгі ретінде қойылған болатын. Қазір сапасы мен бағасы қала әкімдігіне сай келмегендіктен жабық тұр. Аялдаманың тағдыры қалай болатыны белгісіз. Бұл аялдаманың құны 11 млн теңге. Қазір мердігер компания өкілдерімен келіссөздер жүргізіліп жатыр», - деді Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Данияр Жаныс. 

Ал қазір қала әкімдігі 11 млн теңгенің емес 8 млн теңгенің аялдамаларын Талдықорғанның 6-ы жеріне орнатты. Алдағы уақытта тағы 4-еуі қойылады. Бірақ тұрғындар 8 млн теңгенің аялдамасы тым қымбат деп наразы.

«Бағасы өте қымбат. Сол сегіз миллион теңгеге екі бөлмелі пәтер алып, мұқтаж жандарға берсе, дұрыс болатын еді», - дейді талдықорғандық Теміргүл Мұратбекова.

Қалалық әкімдік 2017-2018 жылдары евростандартқа сай 50 аялдама орнатылғанын жеткізді. Биыл тағы 46-сы қойылады деп жоспарлануда. Ал қарапайым аялдамадан аса айырмашылығы жоқ бұл автобус күтетін орынның біреуінің құны 2 млн 800 мың теңгеге бағаланған.