19 шіл, 2018 сағат 09:16

Сыртқы істер министрі ТүркПА және Түркі академиясының басшыларымен кездесті

Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов ТүркПА және Түркі академиясының басшыларымен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Үстіміздегі жылғы қыркүйек айында өтуі жоспарланған Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің (ТМЫК) 6-шы Саммитіне дайындық жұмыстары аясында, Қазақстан Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясының (ТүркПА) Бас хатшысы Алтынбек Мамаюсуповпен және Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлімен кездесу өткізді.

«Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев дамудың жаңа кезеңіне шыққан түркітілдес ынтымақтастық мәселелеріне ерекше мән береді. ТүркПА - түркітілдес елдер интеграциясының негізі болып табылады және соңғы жылдары түркітілдес елдердің парламентаралық дипломатиясының халықаралық деңгейде танылған институты болды», - деді кездесу барысында Қ. Әбдірахманов.

Министрдің айтуы бойынша, БҰҰ, Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясы, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы сияқты халықаралық ұйымдармен ТүркПА ынтымақтастық орнату қажет.

А.Мамаюсупов ТүркПА-ның жұмысы жайлы және ұйымның 10-жылдығын атап өту жоспары туралы хабарлады. Атап айтқанда, ТүркПА басшысы үстіміздегі жылдың күзінде Түркияда өтетін Ассамблеяның келесі мерейтойлық Пленарлық сессиясына дайындық іс-шаралары жүргізіліп жатқаны туралы айтты.

«Түркі интеграциясын ілгерілетуге ықпал ету мақсатында Ұйымның Хатшылығы ТүркПА-ға мүше елдердің заңнамаларын бір қалықпа келтіру бойынша белсенді түрде жұмыс атқаруда. Қазақстан - біздің халықтарымызды жақындастыру идеясын насихаттаудың бастамашысы және осы тұрғыда Астана түркі әлемінің мақтанышы екені айқын», - деді ТүркПА-ның Бас хатшысы.


Халықаралық Түркі Академиясының Президентімен кездесу барысында түркітану және жалпы түркі тарихындағы зерттеулерді одан әрі кеңейту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, Академияның институционалдау процесін мүмкіндігінше қысқа мерзімде аяқтау қажеттілігі атап өтілді.

Д. Қыдырәлі Сыртқы істер министрлігіне Академияның қалыптасу процесінде зор қолдау көрсетіп отырғаны үшін алғысын білдіре отырып, Институт ТМЫК 6-ші Саммитін өткізуге лайықты үлесін қосуға және ғылыми-зерттеу саласында түркітілдес мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамытуды жалғастыруға дайын екеніндігін білдірді.