#
#
Жұма 23/06/2017

Сүндетсіз «сүйкімсіздер» неге көбейді?

  • 27.12.2016
  • 0
  • 1236

Осыдан 15 шақты жыл бұрын Сейілғазы есімді журналист ағамыз 60-тан асқан кісінің Пайғамбар жасында сүдеттелгені туралы мақала жазған-ды.

Қариялыққа бет бұрған кісінің мұндағы мақсаты - өз кемшілігін түзеп, Алланың алдында азаматтық парызын өтеу болыпты. «Ештен кеш жақсы» демекші, жасы келсе де жақсы үлгі көрсеткен  ағамыздың өкінішке толы әңгімесін қызықты етіп баяндаған қаламгер түрлі жағдайлармен міндетін орындай алмаған азаматтарды о дүниеге де таза жолмен кетуді ұсынады. 

Негізінде сүндет ер балаларға ерте жаста жасалады. Сүндет Мұхаммед пайғамбардың (ғ.с.) сүннеті болғандығы үшін де мұсылман халықтарында ерекше маңызға ие. 

Тарихқа көз жүгіртсек, Меккеде ер балалар 3-7 жастарында сүндетке отырғызылған. Сол баланың құрметіне арналып той-думан жасалып, балаға ең әсем киімдер кигізіп, атпен серуендеткен. Бала сүндетке отырғызылған соң көрші-қолаңға қонақасы беріліп, Құран оқытылады. Дәл осындай дәстүр қазақ халқына да тән. 

Бұрындары сүндеттеу рәсімін қолы жеңіл молдалар жасағаны белгілі. Қазір бұл міндетті дәрігерлер атқарып отыр. Хирургтер бір-екі минутта мәселені шешіп, бала үйіне өз аяғымен қайтады. 

Бұрындары мұсылмандардың міндеті мен парызына жататын бұл ота қазір әлем назарына  іліге бастады. Дүниежүзі бойынша ер адамдардың алтыдан бір бөлігі сүндетке отырғызылатыны осының дәлелі. «Әлем тұрғындарының 1,5 миллиардын құрап отырған мұсылмандарды былай қойғанда, Канада, Аустралия, Жаңа Зеландия, Англия секілді бірқатар мемлекеттерде баланы сүндетке отырғызу бүгінгі күні қалыпты үрдіске айналған. Сүндеттеуге Викторияндық кезеңде көңіл бөле бастаған ағылшын тілді бұл елдерде 20- ғасырдың алғашқы жартысында сүндетке отырғызу жақтаушылармен қатар Дэвид Голлахер секілді оған қарсы шығушылар да бар. Олардың пікірлері бойынша сүндет мұсылмандар мен еврейлерге ғана тән діни міндет, өзге дін өкілдеріне қатысы жоқ. Ол гигиена сақтау қиынға соғатын ыстық аймақтарда қолданылған. Бүгінгідей гигиенаны сақтау мүмкіндіктері жоғары кезде оның қажеті жоқ. Ол құмарлықты тежейді. Балаға ауыр тиеді»,- деп пікір білдіреді интернет көздері.

Иә, сүндетке қатысты пікір саналуан. Десек те соңғы кездері әлем елдерінің білікті дәрігерлері мұсылмандықтың парызы саналған дәстүрдің әлемдегі ерлер үшін маңыздылығы жиі көтеріле бастады. «АҚШ тың педиатрлық академиясы 1999 жылы сүндеттің медициналық тұрғыдан пайдалы екендігін жариялап, баланы сүндетке отырғызу немесе отырғызбау мәселесін ата аналардың өздері шешкені мақұл деп тапты. Бұған қоса, сүндеттеуде қалыптасқан діни, мәдени, эстетикалық көзқарастармен де санасу керектігін ескертті. Ал, 2000 жылғы баяндамасында Американың медициналық қауымдастығы сүндеттеудің несеп қуық жолдарын сирек кездесетін қатерлі, жұқпалы аурулардан, инфекциядан қорғайтындығын мәлімдеді.

Американың акушер және гинекология академиясы да Педиатрлық академия мен медициналық қауымдастығының мәлімдемелерін мақұлдап, сүндеттеуге ескішілдіктің сарқыншағы ретінде қарауға ешқандай да медициналық негіз жоқ екенін жариялады.

Көптеген медициналық зерттеу жұмыстары сүндеттеудің мынандай пайдалары бар екенін дәлелдеді: Сүндеттелмегендерге қарағанда, сүндеттелген ерлер жыныстық қатерлі ісікке анағұрлым аз шалдығады;

Ері сүндеттелмеген әйелдерде жатыр мойыншағының қатерлі ісікке шалдығу қаупі алты есе жоғары; Жыныстық жұқпалы ауруларды жұқтыру қаупі сүндеттелмегендерде сегіз есе жоғары; зерттеуші ғалымдар бұған қызықты дәлелдер келтірген. 

Айталық, балалардың небәрі он немесе отыз пайызы сүндеттелетін Кения, Замбия сияқты елдерде жыныстық жұқпалы ауруға шалдыққандар жергілікті тұрғындардың төрт те бірін құраған. Ал, Бенин және Камерун секілді шамамен әр бала сүндеттелетін Африка елдерінде жұқпалы ауруларға шалдыққандар тұтас алғанда алты пайыздан аспаған. Австриялық зерттеуші ғалымдар тіптен үлкен жаңалық ашты. Олар «СПИД ке шалдыққан ер кісілердің басым көпшілігінің сүндеттелмегендер» екендігін дәлелдеді. Өйткені, СПИД вирусы ең әуелі жыныс мүшесінің ұш қабатын зақымдайтын көрінеді. Егер ол тұс микрозақым алса, қабыну қаупі өте тез жүреді екен.

Сексопатологтар да сүндеттелудің қажеттілігін мойындауда;

Гигиеналық тұрғыдан бактериялогиялық, стафилокк (іріңді микроб), гонорей (жыныстық жіңішке ауруы) микробтарынан таза болу тұрғысынан сүндет жасату аса керекті. Оған қоса, смегмалардың (қорғаушы ақ түйіршектер) қабынып, жараға айналмауында үлкен рөл ойнайды.

Сүндет фимоз (жыныс үрпісінің жиырылып ашылмай қалуы), парафимоз, баланит, баланопостит кеселдерінің алдын алады.

Ислам дінінде сүндеттелу өте үлкен мәнге ие. Өйткені, ол үмбеті ретінде Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.у.) ісін қайталауға, яғни сүннет амалын жасауға жатады. Дәлел Әбу Хұрайра жеткізген Пайғамбарымыздың хадисі. 

Интернет көздерінің бұл деректері шын мәнінде өмірде дәлелденуімен бағалы бола бастады. «Translational Genomics Research Institute» мамандары сүндетету  әлемдегі ең қатерлі дерт ВИЧ-тің таралуына 50  60 пайыз тосқауыл қоятындығын мәлімдеді. Бұдан өзге де инфекциялардан қорғаудың бірден бір амалы сүндет болып тұр. Бұл Уганда да ерлерге жүргізілген зерттеулер барысында анықталған. 

Монреалдағы Квебека INRS-Institut Арманд-Frappier университетінің зерттеушілері сүндет мәселесінде Еуропада тұратын  еврейлер мен мұсылмандар өзгелерге қарағанда қуықтың қатерлі ісігінен аулақ болады екен. Бұл туралы Уикипедия парақшасында өте қызықты деректер келтіріледі. 

Өкінішке қарай кейбір дәрігерлердің салақтығынан қауіпті жағдайлар кездесетіні рас. Айталық Қостанай қалалық соты сүндеттелгеннен кейін денсаулығына зақым келген 8 жасар баланың анасының пайдасына шешім шығарды. «Сот жекеменшік «Андрофарм» клиникасынан материалдық шығын ретінде 20 мың теңге, моральдық шығын ретінде 80 мың теңге өндіруді ұйғарған», - деп хабарлайды жергілікті «Наша газета» порталы. 

Анасы Әлия Оспанованың айтуынша, «Андрофармда» сүндеттелген күннің ертеңіне баланың жағдайы нашарлап кеткен. Ал үш күннен кейін ол ұлын аталған клиникаға алып барады. Бірақ осы емдеу мекемесінің бас дәрігері Сағынтай Торғаевтан көмек болмапты.

Сосын баланы облыстық ауруханаға апаруға тура келген. Ал ондағылар жараға вирус түскенін анықтаған. Сөйтіп, жеткіншекке үш рет наркоз беріліп, бұдан оның денсаулығына нұқсан келіпті. 

Бұл күнде кездесіп жатқан кемшілік емес. Бәрінен қолы таза, иманы мықты азаматтардың жеңіл қолынан кейін жігіт атанатын ұлдардың қуанышын көру  нағыз бақыт. Дегенмен соңғы кездері ұларалық некенің көбеюі салдарынан кейбір қазақ ұлтының сүндетке теріс қарайтын құбылыс байқалуда. Өзге дінге кірмесе де «сүндетсіз де күн көруге болады» деген жаңсақ пікір жан ауыртады. Сүндет мұсылмандыққа берік болу парызы ғана емес, ол дерт дендеген бүгінгідей заманда көп қиындықтан шығудың бірден бір жолы. Ұлыңызда ұят, иман, тазалық болуы үшін де сүндет керек. Осыны әр қазақ жадында ұстағаны жөн.

Жолдасбек Дуанабай,

"Айқын" газеті

0 пікір

Пікір қалдыру

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар