02 қыр, 2018 сағат 14:08

Спортқа қайта оралған Илья Ильин алғашқы жеңісіне қол жеткізді (Видео)

Қазақстандық зілтемірші, Әлемнің төрт дүркін чемпионы Илья Ильин 2018 жылғы Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ильин 102 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Талдықорғанда өткен ел біріншілігінің үздігі атанып отыр. Спортшы жаңа салмақ дәрежесінде 172+208 келі зілтемірлерді жұлқи көтеруден Әлішер Оразбек пен Елдар Сембаевты артқа тастап, ең жоғары нәтиже көрсетті.

Еске салайық, Бұл Ильиннің 2015 жылдың желтоқсанынан бері қатысып отырған алғашқы жарысы. Сол жылдың соңында Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) 2008 жылғы Пекин және 2012 жылғы Лондон олимпиада ойындарының сынамаларын қайта тексерген. ХОК Ильиннің осы екі олимпиададағы анализдерінен допинг табылғанын хабарлап, екі алтын медалін қайтарып алған. Кейін Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) Ильинді екі жылға спорттан шеттеткен.

Ильин тек Олимпиадада ұтқан медальдарынан айырылған, ал өзге жүлделері – 2005, 2006, 2011 және 2014 жылдардағы әлем чемпионаттарының төрт алтыны мен Азия ойындарында 2006 және 2010 жылдары алған екі алтынын сақтап қалған.

Спортшының айтуынша, ол алдағы 2020 жылғы Олимпиадада «алтын» үшін сынға түспек.