24 жел, 2018 сағат 16:14

СҚО-ның үш тұрғыны далада үсіп қала жаздады

Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер ауылдар арасындағы жолда тұрып қалған Chevrolet Niva машинасының үш жолаушысын құтқарды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Полиция департаментінің ақпаратына сүйенсек, өңір тұрғындарының автомобилі Ақжар ауданындағы елді мекендерден алыста бұзылып, жолда қалған.

Полицейлерге төтенше жағдайлар департаментінің кезекшісі қоңырау шалып, Петропавлдан Ақжар ауданының Киев ауылына бара жатқан машинаның жүргізушісі және екі жолаушысынан 23:30-да хабар-ошар үзілгенін айтқан. Олардың бірі 80-нен асқан ата болған.

«Ақжар аудандық полиция бөлімінің бастығы Марат Нұрахметов іздеу шараларын ұйымдастырды. Белгілі болғанындай, машина елсіз жерде бұзылып, өшіп қалған. Қараңғы түн, жүргізуші мен жолаушылардың телефондарының қуаты бітіп, сөніп қалуы, оларды іздеуді қиындатты», - деп мәлімдеді баспасөз қызметінің өкілдері.

Таңға қарай жүргізуші Ақжарқын ауылына жетіп, өзі туралы хабар бере алған. Соның ізі бойынша өшіп қалған машинаны тауып, жолаушыларды жеткізу мүмкіндігі туды.

Полицейлер мен құтқарушылар аязды түнде жолға шықпауға кеңес береді.

Алдағы күндері Солтүстік Қазақстан облысында минус 35-40 градус аяз болады. Олеся Жуовень