03 сәу, 2020 сағат 18:57

СҚО-да Сергеев қоймасында су арнасынан асып, 10 жол учаскесін шайды

Солтүстік Қазақстан облысы Сергеев қоймасында қар еруіне байланысты су деңгейі арнасынан 30 сантиметрден асып, облыста маңызы бар 10 жол учаскесін су шайып кетті. Бұл туралы СҚО Төтенше жағдай департаменті хабарлады, деп жазады Азаттық агенттігі.

Департамент облыстағы Қызыл су Айыртау, Ғабит Мүсірепов, Шал ақын, Есіл, Қызылжар ауданына, Петропавл қаласына тасқын қаупі төндіп тұрғанын мәлімдеді. Облыстық әкімдіктің хабарлауынша, 3 сәуірде Қазақстан ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин облыстағы өзен-көлдерді тікұшақпен барлап шыққан.

Қазгидромет мекемесінің мәліметінше, биыл көктемде Есіл өзенінің бойындағы елдімекендер тасқыннан зардап шегуі мүмкін. 

«Қазір Есіл өзенінен қауіп төніп тұр. Бұған дейін 92 елдімекенге қауіп төнсе, енді оның 40 алып тастаңыз, сонда 50 шақты қалады. Өйткені 40 елдімекен еріген қар суының азаюына байланысты бұл тізімнен шығарылады» деді «Қазгидромет» мекемесінің СҚО филиалының директоры Қымбат Мергалимова.

Биыл су тасқыны 2019 жылмен салыстырғанда ерте басталды.

СҚО төтенше жағдай департаментінің дерегінше, аймақта су тасқыны болған жағдайда 484 адам, 155 техника, 72 мотопомпа және 8 жүзу құралы бар.