11 қаң, 2017 сағат 09:16

Мемлекеттік тілді дамыту қоры мен Абай мұражайы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

2017 жылдың 11 қаңтары күні Астана қаласында Мемлекеттік тілді дамыту қоры мен Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы өзара шығармашылық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Меморандумға қол қоюдың мақсаты – қазақ халқының мәдени, әдеби, рухани жетістіктерін кеңінен насихаттау, интернет кеңістігінде мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту болып табылады.

Ынтымақтастық меморандумының аясында «Abaialemi.kz» онлайн энциклопедиялық порталын бірлесіп толықтыруға, Ұлы Абайдың өмірі мен шығармашылығы, оның ақын шәкірттері, замандастарының естеліктері, абайтанушылардың Абайға арналған еңбектері, шығармалары жайында материалдар жинау жұмыстарын жүзеге асыру, ақпараттармен алмасу және бірлескен бастамаларды әзірлеуге қатысу көзделеді.

Анықтама үшін:

«Abaialemi.kz» - Абайдың барлық шығармалары, аудио, видео материалдар жинақталған портал. Онлайн порталда Ұлы Абай дәуірі, оның ақын шәкірттері жайлы материалдар, замандастарының естеліктері, абайтанушылардың Абайға арнаған еңбектері мен шығармалары және тағы басқа ақпараттар орналастырылған.

Порталда тұңғыш қазақ роман-эпопеясы болып танылған «Абай жолы» көптомдық тарихи романының әлем халықтарының тілдеріндегі аударма нұсқалары орналастырылған. Романды сайттан онлайн оқуға және тыңдауға болады.

Интернет портал 2015 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен өзінің «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірленді. Елбасы осы аталған сыйлықтың бір бөлігін әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін Мемлекеттік тілді дамыту қорына берген болатын.

Жуырда «Abaialemi» мобильдік қосымшасы іске қосылды. Енді Сіздің смартфоныңызда «Абай жолы» қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде бар. Мұндай патриоттық бағдарлама енді барлық «Андроид» пайдаланушылар үшін қолжетімді болып табылады. Меморандум интернет қауымдастығында Абай мұрасын әрі қарай насихаттауға ықпал ететін болады.

 

Мемлекеттік тілді

дамыту қорының

баспасөз қызметі

Тел:   8(7172)743697

          8(7172)743690

e-mail: info@qazaq-found.kz

www.qazaq-found.kz

Абайдың «Жидебай-Бөрілі»

мемлекеттік қорық-мұражайының

баспасөз қызметі

Тел: 8(7272) 521721

факс: 8(7272)521536

e-mail: abaі-museum@mail.ru

www.abay-museum.kz