09 мау, 2019 сағат 17:30

Шетелде жүрген 8 мыңнан астам Қазақстан азаматы өз таңдауын жасады

Шетелде жүрген 8 322 Қазақстан азаматы дауыс берді. Бұл туралы бүгін ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанның шетелдегі мекемелері жанынан 64 сайлау учаскесі құрылды. Шетелдегі мекемелер жанындағы сайлау учаскелері туралы ақпараттар мекенжайы, байланыс мәліметтері көрсетіле отырып, министрліктің және Орталық сайлау комиссиясының веб-сайттарында шетелдегі мекемелердің интернет ресурстарында, дипломатиялық өкілдіктердің әлеуметтік желілердегі парақшаларына орналастырылды», - деді министрдің орынбасары Орталық сайлау комиссиясында өткен брифинг барысында.

Оның атап өтуінше, шетелге жеке шақырумен, қызметті, іскерлік сапармен және турист ретінде барған Қазақстан азаматтары ұлттық төлқұжатын көрсеткен жағдайда, сайлаушылар тізіміне енгізіледі.

«Биылғы 9 маусымдағы деректерге сәйкес шетелдегі сайлаушылар тізіміне 15 349 азаматымыз тіркелген. Шетелде дауыс беру тыныш өтіп жатыр. 12 учаскеде Қазақстанның қоғамдық бірлестіктері мен коммерциялық ұйымдарынан және ТМД миссиясынан 35 байқаушы қатысып жатыр. Нұр-Сұлтан қаласының уақытымен сағат 19-00-де шетелде 8322 азаматымыз дауыс берді. Бұл шетелдегі тізімге енген сайлаушылардың 54,2 пайызын құрайды», - деді Р.Василенко.

Сонымен қатар вице-министр сайлау учаскесі жоқ шет мемлекетте жүрген азаматтарымызға көршілес елдерде ашылған сайлау учаскесіне барып дауыс беруге кеңес берді. Шетелдегі сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі 07-00-ден 08-00-ге дейін жұмыс істейтіндігін ескертті.

«Уақыт айырмашылығына байланысты Азияда орналасқан сайлау учаскелері жұмыстарын аяқтап, дауыстарды санауға кірісті. Нұр-Сұлтан уақытымен 17-00-де Вашингтон, Нью-Йорк және Оттавадағы сайлау учаскелері соңғы болып ашылды. Дауыс беру қорытындысы шығарылғаннан кейін түпнұсқа құжаттар Есіл аудандық сайлау комиссиясына дер уақытында жеткізілуі үшін жедел Сыртқы істер министрлігіне тапсырылатын болады», - деді ол.