14 мам, 2018 сағат 09:29

Семейлік оқушылар спорт залда оқуға мәжбүр

Семейде №28 мектептің оқушылары спорт және акт залы мен мұғалімдер бөлмесінде оқып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазір шатыры тесік мектепке жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ұзақ жыл жөндеу көрмеген білім ошағы биыл жөнделетін мектептер тізіміне енген. Тендер жарияланып, жеңімпаз анықталғаннан кейін мердігер мекеме жұмысты бастап кеткен. Сондықтан екі аусымда білім алатын мыңға жуық оқушы спорт және акт залы мен мұғалімдер бөлмесінде оқуға мәжбүр. Мектептің шатыры ескірген. Жаңбыр жауса төбесі тесік мектептің іші суға толады. Сондықтан келер оқу жылына дейін жұмысты аяқтау үшін мердігер жөндеуді ерте бастаған көрінеді. Алайда ата-аналар балалары үшін алаңдаулы.

«Мен оқушылар үшін уайымдаймын. Мектептің төбесі өте жұқа. Ал жоғары сынып оқушылары қазір спортзалда білім алуда. Ал бастауыш сынып оқушылары дәлізде оқуда. Ең үлкен қауіп - бұл шатырдың төбесінен құлап жатқан кірпіш пен тастар. Оқу жылының соңын тоспай жөндеуді бастап кеткендеріне наразымыз», - дейді ата-аналардың бірі Валентин Пимонов.

Ата-аналардың сөзінше, мектептегі соңғы қоңырау да жөндеу жұмыстарына байланысты мерзімінен бұрын өтпек.