15 қаң, 2020 сағат 10:48

Семейде пәтер өртеніп, зейнеткер әйел көз жұмды

Шығыс Қазақстан облысында көппәтерлі тұрғын үйде болған өрттен 70 жастағы әйел мерт болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Семей қалалық төтенше жағдайлар басқармасына сілтеме жасап.

ТЖ басқармасы Өзеркі ауылында өрт болғанын хабарлады. Елдімекендегі жеке тұрғын үйдің пәтерлерінің бірі өртенген. Ағаш еден, жиһаз, жеке заттар, төсек орындары мен есігі, 7 шаршы метр аумақ отқа оранған.

Өрт сөндірушілер пәтерден 70 жастағы үй иесінің мәйітін тапқан. Марқұмның жалғыз тұратыны және жүре алмайтыны белгілі болды. Оған көршісі қамқорлық жасаған. Күтушісі түскі 12-де пәтердегі пешке от жағып, үйіне кеткен. Көрші әйел 15.00-де түтіннің иісін сезген. Бірақ мән бермеген. Сағат 16.00-де көршісі пәтердің өртеніп жатқанын білген.

«Мерт болған әйелдің үнемі темекі тартатыны анықталды. Өрт себебінің екі нұсқасы бар - темекі шегу кезінде абайламау және жылыту пешін орнатып, пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу», - деп атап өтті ТЖ басқармасында.