14 қыр, 2017 сағат 09:36

Сайрамда 700 тоннадан астам сүт өнімдері шығарылды - ОҚО

Сайрам ауданында 700 тоннадан астам сүт өнімі шығарылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Тамақ өнеркәсібі ауданның тұрақты экономикалық дамуында аса маңызды орын алады. Азық-түлік өнімдерінің өндірісі өңдеу өнеркәсібінің ең қарқынды дамып отырған секторы болып табылады.

Осыны ескерген Сайрам ауданының әкімдігі тамақ өнеркәсібін дамыту мақсатында жүйелі жұмыстар атқарды. Нәтижесінде 2017 жылдың қаңтар-шілде айларында 9 559,4 млн теңгеге тамақ өнімдері өндірілген. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсім 18,2 пайызды құраған. Салада табиғи түрде 725 тонна сүт өнімдері, 51 596 тонна ұн, 60 тонна шұжық өнімдері мен 720,4 мың литр өзге де алкогольсіз сусындар өндірілген.

Тамақ өнеркәсібі саласындағы осындай кәсіпорынның бірі - сүт өнімдерінің бірнеше түрін өндіретін 2007 жылы іске қосылған «Компания Натур Продукт» ЖШС. Кәсіпорын бүгінгі таңда қарқынды даму үстінде. Өндірісте «Хан» сауда маркасымен сүт өнімдері: айран, ірімшік, йогурт, құрт, сары май шығарылады.

Серіктестік Ақбұлақ ауылында орналасқан. Тәулігіне 20 тонна сүт өңдеуге қауқарлы өндіріс орнында 32 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. 2016 жылдың қорытындысында өндірісте 108,2 млн теңгенің өнімі өндіріліп, бюджетке 19,2 млн теңге салық төлеген. Ал жеті ай ішінде 71 млн теңгенің өнімі өндірілген.

Кәсіпорынға «Агробизнес 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жыл сайын сары май мен ірімшікке субсидия бөлінеді. Бүгінгі таңда кәсіпорынды кеңейту мақсатында өндіріс қуаттылығын арттыру үшін тәулігіне 70 тонна сүт өңдейтін құрал-жабдықтар алынып, монтаждау жұмыстары басталған. Қосымша бес жұмыс орнының ашылуы жоспарланып отыр.

Кәсіпорын басшысы алдағы уақытта өндірісті кеңейту мақсатында Ақсу ауылында тәулігіне 150 тонна сүт өңдейтін жаңа зауыт құрылысын жүргізуді жоспарлап отыр.