Фото: farabi.university
Бүгін, 9 сәуірде Парламент Мәжілісінің жалпы отырысына ҚР Премьер-Министрінің Орынбасары ‒ Ұлттық экономика министрі С.М. Жұманғариннің Салық кодексінің жобасы бойынша баяндама жасады, деп хабарлайды Ult.kz.
Айта кетейік, жоба өткен жылғы қыркүйектен бастап қаралуда. Ағымдағы жылы оған тұжырымдамалық түзетулер енгізілді.
«Бірінші – қосылған құн салығы 16% болады. Екінші – қосылған құн салығының шегі. Қосылған құн салығы бойынша шек 40 млн. теңге мөлшерінде белгіленеді. Үшінші – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, кітап басып шығару, археология – қосылған құн салығын төлеуден босатылады. Төртінші – әлеуметтік салада, денсаулық сақтау саласында Үкімет қосылған құн салығынан босатылған дәрі-дәрмектердің әлеуметтік тізімін айқындайтын болады. Қосылған құн салығы тек ақылы медициналық қызметтерге салынады. Қосылған құн салығының мөлшерлемесі 10% болады. Әлеуметтік саладағы корпоративтік табыс салығы – 2026 жылдан бастап 5% және 2027 жылдан бастап 10% болады. Бесінші – банк операцияларына қосылған құн салығы салынады. Олардың бағасының өсуіне жол бермеу үшін Бәсекелестікті қорғау агенттігі Үкіметпен бірлесіп ағымдағы бағалардың дұрыстығына талдау жүргізеді. Алтыншы – арнаулы салық режимі бойынша рұқсат етілген тізім емес, тыйым салынған тізім енгізіледі. Тыйым салынбағанның бәріне рұқсат етіледі. Жетінші – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер бойынша бәрін сол күйінде қалдырамыз. Яғни, 70% жеңілдік қалады. Сегізінші – өңдеу өнеркәсібіне корпоративтік табыс салығының 20% мөлшерлемесі бойынша салық салынады», ‒ деген Жұманғарин.
«Біз салықтарды, төлемдер мен алымдарды қысқартамыз» деген Ұлттық экономика министрі 12 салықтың орнына 11 болатынын айтты. Министрдің сөзінше 10 төлемнің 2-ін алып тастау ұсынылады. Олар жарнаманы орналастырғаны және лицензияларды пайдаланғаны үшін төлемдер екен.
3 төлемді біріктіру ұсынылады
Су ресурстарын пайдалану, орманды пайдалану үшін және жануарлар дүниесін пайдалану үшін төлемдерді біріктіру ұсынылады.
«Табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшін төлем болады. Бұл төлемдердегі мөлшерлемелер саны 77-ге қысқарады. Алымдардың 6 түрін қысқарту ұсынылады. Олар бойынша мөлшерлемелердің 34 түрі алынып тасталады. Сондай-ақ мемлекеттік баждың 5 түрі алынып тасталады, олар бойынша мөлшерлемелер 51-ге қысқарады», ‒ деген министр салық жеңілдіктерін оңтайландырамыз деп отыр.
Салық декларацияларының деректері бойынша сомасы 3,4 трлн теңге 453 норма жеңілдік деп танылды.
«Бүгінгі таңда сомасы 1,3 трлн теңгеден астам 128 салық жеңілдігін алып тастау ұсынылып отыр. Біз бұл мәселеде ашық жаңа жүйе құрып жатырмыз. Біз салықтық жеңілдік туралы түсінік береміз. Жеңілдіктерді беру, ұзарту, қысқарту шарттарын белгілейміз. Жыл сайын олардың тиімділігіне мониторинг жүргізілетін болады. Біз салық мөлшерлемелерін саралаймыз. Корпоративтік табыс салығының базалық мөлшерлемесі 20% деңгейінде сақталады, бірақ жекелеген секторлар үшін жоғары мөлшерлеме белгіленеді. Бұл банк және ойын секторы. Мөлшерлеме 25%-ды құрайды», ‒ дейді Жұманғарин.
Сондай-ақ қаржы лизингі және әлеуметтік сала үшін корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесін кезең кезеңмен 10%-ға дейін көбейту ұсынылады. Ал ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін мөлшерлеме 3% деңгейінде қалады.
«Біз инвесторлар үшін, соның ішінде геологиялық барлау үшін қосымша ынталандыруды қарастырдық. Құрылыс салу, жабдықтарды және бағдарламалық қамтамасыз етуді сатып алу, сондай-ақ оларды қайта құру және жаңғырту шығындары бойынша 100%-дық шегерімдерді ұсынамыз.
Қолданыстағы келісімшарттар немесе одан тыс қызмет шеңберінде барлау шығындарына шегерімдерді пайдалануға рұқсат беру жоспарлануда. Сондай-ақ кен орындарының рентабельділігі төмен жаңа бөліктерін игеру үшін 5 жылға дейін пайдалы қазбаларды өндіру салығының нөлдік мөлшерлемесін енгізу ұсынылады», ‒ деп отыр ол.
Қатты пайдалы қазбаларды қайта өңдеу үшін салықтық преференциялар енгізіледі.
Сондай-ақ, сарқылған мұнай кен орындары үшін жер қойнауын пайдалануға арналған балама салық ұсынылады.
Салық жеңілдіктерінен үнемделген қаражат жер қойнауын пайдаланушыларда қалмайды. Дивидендтер алуға тыйым салу көзделген. Қаражат өндіруге арналған инвестицияларға және өңірді дамытуға — инфрақұрылымды жақсартуға, жергілікті кадрларды оқытуға және ғылыми зерттеулерді қолдауға бағытталатын болады.
«Біз арнаулы салық режимдерін реформаладық» деген Серік Жұманғарин бұл Кодекс жобасының ең көп талқыланатын мәселелерінің бірі екенән арнаулы салық режимдері айтарлықтай оңтайландырылатынын жеткізді. Нәтижесінде олардың үшеуі ғана қалады екен. Олар қазір жетеу:
1. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін жаңа жеңілдікті режим.
2. Оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі.
3. Шаруа және фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимі.
«Сән-салтанат салығы» деген не?
«Біз «сән-салтанат салығы» деп аталатын тауарлардың жекелеген санаттарына жоғары салық салуды ұсынамыз. Ол үшін жылжымайтын мүлік құны 450 миллион теңгеден асатын болса, мүлік салығының мөлшерлемесін ұлғайту ұсынылады. Сондай-ақ құны 75 миллион теңгеден асатын жеңіл автомобильдерге, сондай-ақ қымбат теңіз кемелері мен ұшу аппараттарына акциздер енгізу жоспарлануда. Әділдік мақсатында қымбат алкогольдік сусындар мен сигараларға 10% акциздер ұсынылады», ‒ деді министр.
Сондай-ақ, салық төлеушілермен жұмыстың сервистік моделі ұсынылады.
Салықтық әкімшілік жазалауды тоқтатады.
«Бесіктен» шыққаннан бастап жабылғанға дейін фискалдық» сүйемелдеуді енгізуге баса назар аударылатын болады. Бұл ретте салық есептілігі 30%-ға қысқаратын болады. Біз камералық бақылау тәсілдерін түбегейлі өзгертуді ұсынамыз. Егер қазір бұл бақылау тәсілі болса, онда болашақта бұл процедура бұзушылықтарды жою саласынан сәйкессіздіктер анықтау саласына ауысып, ескерту сипатына ие болады», -дейді Жұманғарин.
Салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу тәсілдері де өзгереді.
«Маңызды мәселе, біз қазір салықтардың аз мөлшеріне байланысты бизнестің барлық қызметіне тосқауыл қоймаймыз», ‒ дейді ол.
Орта және шағын бизнеске арналған арнаулы салық режимі туралы
Енді ол оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі деп аталады. Кіріс лимиті – қазіргідей 600 мың айлық есептік көрсеткіш болып сақталады. Қызметкерлер саны бойынша шектеулер алынып тасталады. Мөлшерлеме - 4% және оны мәслихаттар 50%-ға дейін төмендетуі мүмкін. Үкімет режимді тек белгілі бір қызмет түрлеріне қолдануды ұсынды және басты шарт – тек B2C операциялары.
Бұл ретте В2В операциялары арнаулы режим шеңберінде ғана жүзеге асырылуы мүмкін. Егер жалпыға бірдей белгіленген режимде жұмыс істейтін салық төлеуші тауарды немесе қызметті «арнаулы режимшіден» сатып алса, онда оның мұндай шығындарды шегеруге құқығы жоқ.
Қызмет түрлерінің санын Үкімет реттейтін болады
«Осылайша, «үй жанындағы» дүкендер, шаштараздар және халықпен жұмыс істейтін кәсіпкерлер осы шарттарға сәйкес келеді және қосылған құн салығын төлеуші болмайды. Оларға қорқудың қажеті жоқ.
Сонымен бірге, біз сіздердің қарауларыңызға салық жүйесін трансформациялауға бағытталған түзетулер енгіздік.
Маңызды бастамалардың бірі – жеке табыс салығының прогрессивті мөлшерлемесін енгізу болып табылады. Мәселен, жылдық табысы 8 500 айлық есептік көрсеткіштен асатын қызметкерлер үшін жоғары 15% мөлшерлемені белгілеу ұсынылады. Бұл жоғары табысқа қосымша салық салынатын тетікті құруға мүмкіндік береді», ‒ деп отыр ол.
Мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша кірістерге 10% мөлшерлеме бойынша корпоративтік табыс салығы салынатын болады. Олар қазір салықтан босатылған.
«Сондай-ақ, квазимемлекеттік сектор субъектілері шығарған бағалы қағаздар бойынша кірістерге салық салу ұсынылады. Бұл ретте экономиканың нақты секторын қолдау және инфрақұрылымдық жобаларға инвестициялар тарту үшін «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі шығарған бағалы қағаздардан түсетін кірістерді 2030 жылға дейін салық салудан босату ұсынылады. Бұл экономикаға жыл сайын 10 трлн. теңге қаражат салуға мүмкіндік береді», ‒ деп отыр министр.
Бұдан бөлек, зиянды сусындарды тұтынуды азайту мақсатында алкогольсіз энергетикалық сусындарға акциз енгізу ұсынылады. Соныменқ татар, бизнесті бөлшектеумен күресті күшейту үшін заңды тұлғаларды тіркеуге қатысты өзгерістер ұсынылады.
«Құрылтайшылары немесе басшылары бұрын ауыр салықтық бұзушылықтар үшін жауапқа тартылған компаниялар жаңа заңды тұлғаны тіркей алмайды. Салықтық әкімшілендірудің сапасын жақсарту үшін, салық органдары адал бизнеске тиіспеуі үшін, егер кәсіпорынның салық жүктемесі сала мен аймақ бойынша орташа деңгейден төмен болса ғана кешенді салықтық тексерулер тағайындау ұсынылады. Бұл салық органдарына өз күштерін ең тәуекелді жағдайларға бағыттауға және негізсіз тексерулерден аулақ болуға көмектеседі. Осылайша, ұсынылған салық реформасы өз кірістерін жасыратын адал емес салық төлеушілерге, сондай-ақ салық салудың әділеттілігін арттыруға бағытталған. Байлар көбірек төлеуі тиіс», ‒ дейді министр Жұманғарин.
Салық реформасынан не күтеміз?
Нәтиже айқын сезілетін болады деп есептейтін Серік Жұманғарин жылына қосымша 4-5 трлн теңге салық түсімдері, Ұлттық қорға тәуелділіктің төмендеуі күтіледі және бюджет өзін-өзі қамтамасыз етеді деп отыр.
«Иә, өзгерістер инфляцияға әсер етуі мүмкін, бірақ бұл әсер уақытша болады және бір жыл ішінде күтілуде. Біздің есептеулеріміз бойынша қосымша инфляция 2,5-3%-ды құрайды. Бұл жобаның негізгі ұсыныстары. Біздің бірлескен жұмысымыз елдің дамуы үшін қаржылық негізді қамтамасыз ететін және халықтың кәсіпкерлік белсенділігін ынталандыратын жаңа әділ салық жүйесін құруға мүмкіндік беретініне сенімдімін», ‒ деп сөзін қорытындылады Ұлттық экономика министрі Ссерік Жұманғарин.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Салық кодексі бірінші оқылымда мақұлданды.