03 қаз, 2019 сағат 12:43

Салафитке тұрмысқа шыққан әйел қызының психикасы үшін алаңдайды

Алматылық келіншек Әйгерім радикал салафит ағымындағы күйеуімен тұрған 11 жылда не көргенін айтып берді. Ол жастайынан ата-анасының еркелеп өскен жалғыз қызы болған. Өмірінде әке-шешесі бетінен қақпаған қыз өз дегенін істететін ерке болып өсті.

Бойжетіп, оқуын бітірген кезде Арманмен танысады. Арман өте тұйық, біртоға жігіт еді, намаз оқитын, аздап сақал қоятын. Әйгерімнің ата-анасы басында мұнысын жаратпады.

Кейін қызының мінезінің шәлкестігінен амал жоқ келіседі. Бірақ екеуінің тойы болмады. Себебі оған Арман қарсы болды.

«Мен оған күйеуге шыққанда радикал салафит екенін білмедім. Біртіндеп мінезінің мүлде тұйықталып бара жатқанын байқадым. Біздің үйге қонақ келмейтін. Ешкімді танымайтынмын. Үйде мен ақша табатынмын. Ол намазхан достарын аралап құр жүретін. Жеңілдің үстімен, ауырдың астымен өмір сүргісі келді. Қызым екеумізді асырауды мүлде ойламайтын. Біресе, өзінің жақтастарымен саудаға шығатын, болмаса үйде жататын», - деді Әйгерім.

Әйгерімге анасы, бауырлары ақшалай, заттай көмектесіп тұрған. Бір жылда жас отбасы бірнеше рет пәтер ауыстырған.

«Мұсылмандарда әйелді алған соң асырау парыз еді ғой. Бізде олай болмайтын. Мен дәріханада істедім. Кейде тәулік бойы жұмыс істедім. Сонда күйеуім дәріханаға келіп, мені күзетіп отыратын. Қожайын келген кезде ақшамды алып кететін. Жағдайымыз өте нашар болды. Жаздыгүні маған қолғап кигізетін. ОЛХ-тен тегін зат іздеп жүретінбіз. Бәленің бәрі қызым мектепке барғанда басталды. Қызды мектепке жібергісі келмейтін. Өйткені әнұран айтқанын қаламайтын. Қызым сабағынан жиі қалатын болды. Кейін балиғат жасына жетіп қалғанда мәжбүрлеп орамал таққызды. Балиғатына толған соң күйеуге берем деді. Біздің елдің заңына бағынғысы келмеді. Қазақстанда 18 жасқа толмаған адам некеге тұра алмайды»,- деді келіншек.

Әйгерімнің 9 жасында орамал таққан қызының жүйкесі тоза бастады. Түнде қараңғылықтан қорқады. Барлық жерде әкесі айтып қойған шайтан елестейтін.

«Түн ішінде шайтан кіріп жатыр деп шошып оянатын. Қызымды психикалық денсаулық орталығында жатқызуыма тура келді», - деді ол.

Әйгерім өзінің салафит ағымындағы жігітке күйеуге шыққанына өкінеді. Қызының денсаулығы үшін алаңдайды.

Бұл оқиғаға қатысты Алматыдағы Заря Востока мешітінің имамы Қазбек Ахметов мынадай түсінік берді.

«Халықтың арасында азаматтық неке көбейіп кетті. Бұл - оң үрдіс емес. Қазақстанның әділет органдарында некесін тіркеу екі адамға да жауапкершілік жүктейді. Ал азаматтық некеде деструктивті діни ағым өкілдері үшін еш жауапкершілік жоқ. Олар 3 рет талақ айтып кете береді. Ал жас әйелдер не мүлкі жоқ, не алименті жоқ ортада қалады. Қазір ҚМДБ бұл процеске жауапкершілікпен қарай бастады. Мешіт имамдарына неке куәлігінсіз неке қиюға тыйым салды. Немесе екі тараптың да ата-анасы қатысуы талап етіледі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ажырасуға қарсы болған», - деді мешіт имамы.

ҚазАқпарат