29 нау, 2017 сағат 19:19

Сағынтаев жұмыс сапарымен Ақтөбе облысына келді

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстан Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Ақтөбе облысына келді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz порталына сілтеме жасап.

Б. Сағынтаевтың жұмыс бағдарламасында өндірісті технологиялық жаңғырту және цифрландыру мәселелері бойынша өнеркәсіптік кәсіпорындардың ұжымдарымен, сондай-ақ нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік Мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу мәселелері бойынша облыс жұртшылығымен кездесулері жоспарланған.  

Сонымен қатар мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынған ірі инфрақұрылымдық, білім беру және медицина нысандарын аралайды деп жоспарланған. Сондай-ақ Премьер-Министр «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үй нысандарының құрылыс барысымен танысады.  

Айта кетейік, Ақтөбе облысының Қазақстан үшін әлеуметтік-экономикалық рөлі зор, өйткені ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес мұнда ауқымды агломерация дамып, заманауи урбанистік орталық құрылады. Сонымен бірге, облыста бірқатар ірі өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық кәсіпорындар орналасқан.

Еске сала кетейік, ҚР Премьер-Министрі Қазақстан өңірлеріне жұмыс сапарын жалғастыруда. Жоспарланған кестедегі бірінші облыс Шығыс Қазақстан облысы болды. Бүгін Бақытжан Сағынтаев Батыс Қазақстан облысында болды, ендігі Ақтөбе облысына келді.