17 қар, 2018 сағат 16:50

Ресейде жолаушылар автобусы пойызға соғылды: Зардап шеккендер арасында қазақстандықтар да бар

Ресейдің Саратов облысында Қазақстан мен Өзбекстан жолаушылары мінген рейстік автобус апатқа ұшырады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетіне сілтеме жасап.

«17 қараша күні РФ Саратов облысының Озинский ауданындағы темір жол өтпесінде "Саратов-Орал" рейстік автобусы жүк пойызымен соқтығысты. Бастапқы мәлімет бойынша, автобуста 7 жолаушы болған, олардың екеуі Қазақстан азаматтары болса, бесеуі - өзбекстандықтар», - деп хабарлады ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов.

Комитет өкілінің хабарлауынша, апаттан барлық жолаушылар зардап шеккен. Бес өзбекстандық көз жұмды, екі қазақстандық ауруханаға жатқызылды.

Еске сала кетсек, кеше кешке Қызылорда облысының Қармақшы ауданында екі автобус соқтығысып, 2 адам қаза тапты. Қайтыс болғандардың бірі 1964 жылы дүниеге келген болса, екіншісі 1997 жылғы облыс тұрғыны. Сондай-ақ, 2011 жылғы бала Қармақшы аудандық ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілгенмен дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алған жоқ.