03 шіл, 2018 сағат 17:55

Qazaqstan телеарнасы елорданың 20 жылдығына қандай тарту жасайды

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте «Qazaqstan» ҰТА Ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясының директоры Ерлан Атамбай елорда күнінде қандай жобалар көрсетілетіндігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Астана еліміздің бас қаласы ғана емес, Тәуелсіз еліміздің тарихи қаласына айналды. Бүгінде Астанада маңызды халықаралық іс-шаралар, әлемдік оқиғалар тұрақты түрде өтеді. Астананың 20 жылдығына орай корпорациямыздың шығармашылық тобы 10-нан астам деректі фильм мен арнайы жоба дайындады. 6 шілде күні сағат 19:00-де эфирге шығатын «Астана тынысы» атты деректі фильмді ерекше атап өткім келеді. Бұл фильм сондай-ақ Қытайдың CGTN-Russian, Қырғызстанның КТРК, Өзбекстанның НТРК, Түркияның TRT Avaz, Моңғолияның Sky News және басқа да елдердің телеарналарынан көрсетілетіндігін жоспарлаудамыз», - деді ол.

Оның айтуынша, «Qazaqstan» ұлттық арнасы шілденің 2-нен бастап 8-не дейін Астананың мерейтойына арналған арнайы жаңа жобалар мен деректі фильмдерді ұсынатын болады. Олардың қатарында «Бір суреттің тарихы», «Елбасы елең-алаң», «Елбасы сүйген ел әні», «Ел жүрегі Астана», «Елорда инфрақұрылымы», «Астана - арман қала», «Елорда есебі», «Жасай бер әсем Астана», «Ұлттық арнада ұмытылмас әндер» және тағы да басқа тың жобалар бар. Сонымен қатар Ерлан Атамбаев 6 шілде күні көрсетілетін «Нұрсұлтан Назарбаевтың Орта Азияның жаңғыруындағы рөлі» деп аталатын жобаға да кеңінен тоқталды.

«Жобаны дайындау барысында, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Түркия елдерінің қоғам қайраткерлерінен, саясаткерлері мен сарапшыларынан сұхбат алдық. Ұзақтығы 25 минут болатын жобамыз толық дайын. Біз жобаны алтыншы шілде күні эфирге сағат 20.40-та шығарамыз», - деді дирекция директоры.

Оның сөзіне қарағанда, ұлттық арна 6 шілде күні 5 сағатқа жуық тікелей қосылуларымен ерекшеленбек. Атап айтқанда, сағат 13.00-де «Ақпарат» бағдарламасы көшпелі студиядан мерекелік шығарылымын ұсынады. Қала бойынша өтіп жатқан барлық мерекелік шараларды толық қамтитын болады. Ұлттық арна жүргізушілері Қымбат Досжан мен Жансерік Бейсеев көрермендермен, қала қонақтарымен кездесіп, түрлі викториналар ұйымдастырса, Данияр Меңілбеков, Ирина Тән, Мейіржан Әлібекұлы, Дана Нұржігіт, Қайрат Әділкерейлер көрерменмен жүздесіп мерекелік шаралар ортасынан тікелей қосылады.

«Басты тақырып», «Мәселе» және «Елден Хабар» бағдарламалары да ел ішінен тікелей эфирге қосылады. Қызықты спикерлер, тамаша ойындар, викториналар өткізіледі. Көшпелі студияның соңғы қосылуы сағат 17.00-де. Барлық аймақтардағы өтіп жатқан шараларды қамтумен қатар, күнделікті қорытынды жаңалықтар кешкі 20.00-да шығады.