12 қыр, 2019 сағат 07:03

Петропавлда үш көлік өртеніп кетті

Петропавлда бір көлік өртеніп, артынан тағы екеуі жана бастаған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Солтүстік Қазақстан облысы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, өрт жеке үйдің жанында тұрған Mercedes-Benz көлігінен шыққан. Өрт сөндірушілер хабар түскеннен кейін 10 минутта жеткен, алайда ол уақытта үш көлік өртке оранып үлгерген. Жалын Mercedes-Benz-тің жанында тұрған Toyota және Mazda маркалы көліктеріне қарай ауысқан.

«Тілсіз жау Mercedes-Benz бен Mazda көліктерін жойып жіберді. Toyota-ға зақым келіп, салоны мен көліктің оң жақ бөлігі өртеніп кетті. Зардап шеккендер жоқ. Өртке  электр құралдарымен жұмыс істеу кезінде өрт қауіпсіздігін сақтамауы себеп болуы мүмкін», - деді баспасөз қызметінде.

Өрт сөндірушілер көліктердің техникалық жағдайын, әсіресе электр жабдықтарын үнемі тексеріп отыру қажет екенін ескертті. Автокөліктердің жануына көбіне электр сымының тұйықталуы себеп болады. Өрт шыққан жағдайда 101 немесе 112 нөмірлеріне хабарласып, оны сөндіру шараларын қабылдау керек.

Автокөлік түгелдей 5-8 минутта өртеніп кетеді.