15 қаң, 2020 сағат 13:57

Павлодар мұнай зауыты атом энергиясы саласындағы заңнама талаптарын бұзған

«Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС-да атом энергиясы саласындағы нормативтік-құқықтық актілердің талаптары орындалмайтындығы анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ҚР Энергетика министрлігінен мәлім еткендей, ведомствоның Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті зауытта тексеру жүргізген.

«Оның барысында «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС иондандырушы сәулеленуді генерациялайтын аспаптармен және қондырғылармен, сондай-ақ құрамында радиоактивті заттары бар аспаптармен және қондырғылармен жұмыс істеу кезінде атом энергиясын пайдалану саласында қолданылатын нормативтік-құқықтық актілердің талаптарын сақтамағаны анықталды. Тексеру нәтижесі бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 297-бабы 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалып, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді», - делінген баспасөз хабарламасында.