#
#
Жұма 23/08/2019

Отпен ойнауға болмайды

  • 30.05.2019
  • 0
  • 7144

Дін деген бір ауыз сөздің мағынасын – құлшылық қылу деген сөзбен түсіндіруге болатын шығар. Расында да діннің термин ретіндегі мағынасы,  Жаратушы тарапынан жіберілген пенденің өмір сүруін реттейтін, адамзат баласына аманат ретінде берілген аса күрделі жан дүниесінің тірегі, заңдылығы, бес күн жалғанның сынағынан сүрінбей Алла өзі уәде еткен мәңгілік жұмаққа тура жетелейтін жол деп те түсінуге болады.

Алайда осы жұмаққа барар жолды қан мен соғыстың арасынан іздеп жүрген қандастарымыз да аз емес. Солардың бір бөлігі еліміздегі бейбіт өмірден қашып, Сирия асып, бораған оқтың ортасында жүр. Бүгінгі таңда ислам дінінің атын жамылған қаны бұзық ДАИШ тобы әлемді әбігерге салып отыр.

ДАИШ содырлары жасап жүрген адам айтса сенгісіз азғындық әрекеттеріне қарап, ислам ғұламалары бұларды заманында пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) айтып кеткен нағыз адасушы хауариждер тобына да жатқызады. Себебі, бұлардың іс-әрекеттері, киімдері, өзгелерден өзгешеленуі, кісінің нақақтан-нақақ қанын төгуі, ешбір шариғат талаптарына сай келмейтін шешімдер шығаруы, бәрі-бәрі кезінде  пайғамбардың  хауариждер туралы айтқан сипаттарымен сәйкес келеді. Сонымен қатар, бұлардың араларында көпшілікке танымал, ислам әлемі мойындаған,  дін атынан пәтуа бере-тұғын бір де бір ғалым не тұлға жоқ.

Сонда хауариж дегеніміз кімдер дейсіз ғой? Бұл «Хауаридж» араб сөзі – қарсы шығу, бөлініп шығу деген мағыналарды береді. Ел мен елдің, дін мен діннің арасына от салып, бейбіт күнде бүлік шығарып жүретіндер. Олар мұсылман мемлекетінің үшінші халифасы Осман ибн Аффанды сарайында Құран оқып отырған жерде өлтірген.  Кейін олар төртінші халифа, пайғамбардың күйеу баласы Әли ибн Әбу Талибті де өлтіреді. Пайғамбар хауариждер турасында: «Олар жаратылыстың ең жаманы» деп айтқан (Мүслимнің риуаяты).

Бұл бір елдердің, саяси топтардың қолдан жасап отырған ойыны дегеннің өзінде, Алланың ең асыл діні, соңғы діні исламның атынан айтарлықтай кір келтіруде. Осылардың салған ылаңынан исламофобия ұғымы пайда болды. Мұсылмандаға деген теріс түсінік қалыптасты. 

Кеше ғана намазға жығылып, әлі де болса бес уақыт намазын толық оқып үйренбеген жастардың аяқ астынан ойы бұзылып, жұмаққа жетудің жалғыз жолын Сириядан ізейтіні таң қалдырады. Өзіне магниттей тартып тұратын бұл неткен тылсым күш?! Мұндағы ең бірінші қателік, білімсіздік дейді имамдар. Себебі, дінге енді мойын бұрған әрбір жас ең алғашқы білімді интернеттен іздейді. Ал ол жерде адасқан ағымдардың түрлі тұзағы бар. Ол тұзақтарға түсіп қалмас үшін, алдымен мешіт имамдарынан, медрессе ұстаздарынан өзі білгісі келген сұрақтарын сұрап, ақидасын дұрыстап бекітіп алу керек. Осындай білімсіздік пен ермеліктің салдарынан Сирия асқан қаншама қандасымыз қантөгістің арасында жазықсыз жапа шекті. Әлі қаншасы отанына орала алмай опық жеп отыр. Олардың арасында қазагөз қыздарымыз да, буыны қатпаған балаларымыз да бар.

Биылғы жыл басынан бастап, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы тапсырмасы бойынша елімізден Сириядағы соғыс аймағына кеткен отандастарымызды Қазақстанға қайта қайтарылу жұмыстары қолға алынды. Бұл бағыттағы жұмыстар арнайы «Жусан» операциясы барысында жүзеге асырылып келеді.

Қазақстан Сирия аймағындағы қақтығысты тоқтату мен елде тұрақтылық орнату бағытында біршама жұмыстар жасап келеді. Оның бір дәлелі ретінде елімізде екі жыл ішінде Астана процесінің 11 раунды өткізілгендігін айтуға болады. Осы келіссөздердің нәтижесінде Сирияның көптеген аймағында тыныштық орнап, соғыс оты өшірілді.

Ал сол елдегі отандастарымызды елге қайтару операция толығымен гуманитарлық сарында өткенін айтады СІМ өкілдері. Бұл операцияның ұйымдастыруы мен сәтті аяқталуына еліміздің бірнеше мемлекеттік органдароы мен халықаралық ұйымдар атсалысқан. 

«Жақында Сириядағы шиеленіс аймағынан 47 қазақстандықты алып келдік. Олардың арасында 30 бала бар, әкелері соғыста мерт болған, аналары қорғаусыз қалған. Сириядағы адамдарды біз мемлекет ретінде көмек өрсетіп, бізге достық қарым қатынасы бар елдердің көмегімен Қазақстан ұшағымен елге алып келдік. Қазақстан өз азаматтарын қай жерде жүрсе де қолдайтындығын көрсетіп отырмыз. Еліміздің қауіпсіздігін, береке бірлігін, тұтастығын қамтамасыз ету елдің міндеті. Сондықтан қақтығыс аймағында еріксіз жүрген азаматтарды, әсіресе балаларды елге қайтаруды біз жалғастыра береміз», - деді Елбасы.

Араға көп уақыт салмай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Жусан - 2» операциясы жүзеге асырылды. Бұл жолы Сириядан 231 отандасымыз қайтарылды. Ауқымы бойынша бұрын-соңды болмаған арнайы операция нәтижесінде Сириядан 59 әйел мен 156 бала эвакуацияланды.

«Менің тапсырмам бойынша 7 және 9 мамыр күндері Сириядан 231 Қазақстан азаматы елге жеткізілді, оның 156-сы балалар, дені мектеп жасына дейінгілер, соның ішінде 18-і – жетім балалар. Бұл ауқымды гуманитарлық акция – Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен биыл қаңтар айында жүргізілген «Жусан» операциясының жалғасы болды. Қазақстан терроризммен күрес жүргізу, сондай-ақ қиын жағдайда қалған азаматтарына қол ұшын созу міндеттемелерінен бас тартпайды. Гуманитарлық акция жалғаса береді. Біз өз азаматтарымыздың тағдырына ешқашан бей-жай қарамаймыз.

Аталған гуманитарлық операцияға қатысқан Сыртқы істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің  және басқа да мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне және шетелдік серіктестерге алғысымды білдіремін, - деді мемлекет басшысы.

Кетерде Қазақстанды «кәпірлердің мекені» деп кеткен отандастарымыз, Сириядағы әділетсіздіктер мен ДАИШ-тың діннен алшақ екендіктерін айтуда. Қазақта «отпен ойнама, күйесің» деген жақсы тәмсіл сөз бар. Соғысты жәннатқа кірудің есігі деп түсінудің өзі отпен ойнау емей, немене. Бұл отандастарымыз да білімсіздіктерінен адасқан ағымның жетегіне еріп, «күйіп қалғандар». «Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқан соң» деген ұстаныммен өмір сүретін біздің ұлт үшін әрбір қандасының өмірі қымбат. Дегенмен, діннің қылдан нәзік, қылыштан өткір екенін әрбіріміз білсек екен.

Теги: жусан операция, Сирия, дін

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар