24 сәу, 2019 сағат 08:18

Қазақстандық балуан еркін күрестен Азия чемпионы атанды

Қытайдың Сиянь қаласында күрес түрлерінен Азия чемпионаты басталды. Алғашқы жарыс күнінде еркін күрес шеберлері арасында мықтылар анықталды, деп жазады Olympic.kz. 

65 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Саятбек Оқасов финалды үндістандық Баджранг Баджрагштан 7:12 есебімен ұтылып, Азия біріншілігінің күмісін қанағат тұтты. 

Сонымен қатар, 70 келіде сынға түскен Нұрқожа Қайпанов ақтық сында жапониялық Коджира Шиганы 9:0 есебімен жеңіп, өз мансабында тұңғыш рет Азия чемпионы атанып отыр. Сондай-ақ, биылғы құрлық додасындағы Қазақстанның алғашқы алтын жүлдесін қоржынға салды. 

79 келіге дейінгі салмақта Ғалымжан Өсербаев қола жүлдені еншіледі. Кіші финалда ол жапон балуанын 6:0 есебімен жеңген. 

Сондай-ақ, 97 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Ерғали Әлішер қырғызстандық балуанды ұтып, турнирдің қола жүлдесін иеленді. 

Бүгін Азия чемпионатында 61, 74, 86, 92 және 125 келідегі балуандар күш сынасады.