27 қар, 2018 сағат 09:37

Өскеменде Археология және Алтай мәдени мұрасының музейі ашылды

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде Археология және Алтайдың мәдени мұрасы мұражайы мен университеттің тарихи мұражайы ашылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпаратaltaynews.kz сайтына сілтеме жасап.

Тарих ғылымдарының докторы, археолог ғалым Зейнолла Самашев қазақ даласы, оның ішінде кенді Алтай өңірі ежелгі металлургия мен тау-кен өндірісінің орталығы болғанын ерекше атап өтті. Кезінде археолог С. Черников те Шығыс Қазақстан аймағын бүкіл Еуразия кеңістігіндегі қола құю өнері дамыған өңірлердің бірі ретінде сипаттаған. Ғалымның айтуынша, мұражай жәдігерлерінің дені Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері осы өңірде жүргізген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған. 

«Осы жерден табылған қалайы рудасы сонау қос өзен бойынан Месопотамияға дейін тараған. Қола дәуіріндегі мәдениеттің жұрнақтары, заттардың бәрі Оңтүстік Сібірге тарап отырған», - деді ол.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында мұражайды ашу жоспарының өзектілігі арта түсіп, бір жылдан астам уақыт дайындықтан кейін оның есігі айқара ашылды. Президент өз мақаласында тарихымыз бен мәдениетімізге қатысты жеті бағытты анықтап, жұмыс істеуді тапсырды. Соның бірі - қола дәуіріндегі қазақ халқының ежелгі металлургиясы мен өнерінің дамуына байланысты. Сондай-ақ аң стилі, жылқыны қолға үйрету, алтын адамға байланысты барлық жәдігерлерді жинастырып, музей ашу тапсырмасы берілді.

«Әріптестерімнің өзінің туған өлкесінің тарихына үлкен мән беруі ерекше қуанышқа бөлеп отыр. Мұражай әзірге кішкентай болғанымен, өте жинақы, мұнда археологияның барлық кезеңдері қамтылған», - деді Астанадағы Ұлттық мұражайдың директоры Жәкен Таймағамбетов.

Мұражай қорын үнемі толықтырып отыру көзделген.