16 қыр, 2020 сағат 16:37

Ордабасы ауданында Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спорт кешені салынады

Түркістан облысы, Ордабасы ауданында Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына орай қазақ даласы батырының атына мемориалдық кешен салынатын болды. Заманауи үлгіде бой көтеретін нысанның құрылыс жұмыстары үстіміздегі жылдың қараша айында басталмақ, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Аудан әкімдігінің мәліметінше, аталған нысан 2021 жылдың қазан айында пайдалануға беріледі деп жоспарланған. 

«Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі бойында салынатын мемориалдық кешеннің жалпы аумағы 5 гектарды құрайды. Онда кітапхана, көрме залы, қонақ үй, асхана, конференц залы, спорт залы, спортшылардың киім ауыстыруға, жуынуға арналған және басқа да қажетті бөлмелермен қамтылмақ. Ғимараттың аумағы жасыл-желекпен абаттандырылып, орындықтар мен жарықшамдар орнатылады. Сондай-ақ, жобада балаларға арналған ойын алаңшасы мен автотұрақ та қарастырылған. 

Айта кетейік, спорттың бірнеше түрімен шұғылдануға лайықты кешен түрлі деңгейдегі жарыстарды өткізуге де ыңғайлы болмақ.