17 сәу, 2019 сағат 15:37

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері талқыланды

Бүгін Алматы облысы әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен облыстың І тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары талқыланған әкімдік отырысы өтті. Сонымен қатар ІІ тоқсанның міндеттері қаралды.

Жиынды ашқан облыс әкімі Амандық Баталов алдымен ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықованың облысқа жасаған екі күндік сапарының қорытындыларына тоқталды:

- Вице-премьер Гүлшара Әбдіқалықова бастаған үкіметтік делегация Талдықорғанда, Текеліде және жақын аудандарда болды. Мұнда Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларын түсіндіріп, атамыш шаралардың облыста қалай жүзеге асырылып жатқанын көрді. Сапар қорытындысы бойынша өңірдегі істерге оң баға берілді. Бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де жалғастыра береміз. Аудан, қала әкімдері жергілікті жерлерде тындырымды істер атқарып, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуі тиіс. Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын жақсарта түсу, сол сияқты қызмет көрсету саласындағы мамандардың халықпен жұмыс істегендегі өзін ұстау мәдениетін жетілдіру туралы тапсырмалар бердім. Мамандар өз лауазымдық міндеттерін жақсылап орындап қана қоймай, неғұрлым шыдамды, адамгершілікті болуы тиіс, - деді А. Баталов. Мұнан соң сөзді орынбасары Жеңіс Тұяқовқа берді.

Баяндама жасаған Жеңіс Тұяқов облыста аталған мерзімде өнеркәсіп өндірісінің 3,7 %-ке, ауыл шаруашылығында – 2,2 %-ке, бөлшек саудадағы тауар айналымы – 3,7 %-ке өскенін атап өтті. 86,1 млрд. теңге инвестиция тартылып, өсім 2,9 %-ті құраған. Барлығы 5144 жұмыс орны құрылды.

Жеңіс Тұяқов облыста Елбасының «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде берген тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде жасалған жұмыстардың барысына да кеңінен тоқталды. Мәселен, биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап бюджеттік салада төмен жалақы алатын мамандардың жалақысы 30 %-ке өсіп, оған 100 мыңнан астам адам қамтылмақ. Сол сияқты атқарушы органдардың 3,5 мың төменгі қызметкерлері 25 % өсіммен жалақы алатын болады. «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шаралары шеңберінде 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны 11 мыңнан 17 мың отбасыға дейін өсті. 1 маусымнан бастап мүгедек балаларды тәрбиелеу жәрдемақысының көлемі 30 %-ке ұлғайтылды. Сол сияқты облыстың Әлеуметтік картасына 13 736 отбасы енгізілді. Бұл орайда биылғы жылы Әлеуметтік қызмет пен қолдау шараларының бірыңғай пакетіне жергілікті бюджеттен 6 млрд. теңге, соның ішінде Әлеуметтік карта шеңберінде көп балалы және аз қамтылған отбасыларға 3,4 млрд. теңге бөлінді.

Сөзінің қорытындысында спикер ІІ тоқсанның міндеттеріне де тоқталды. Бұл ретте экономиканың 4 % өсімін қамтамасыз ету міндеті тұрғанын атап өтті.

Баяндамадан соң Панфилов ауданының әкімі Термірлан Бектасов пен облыстық құрылыс басқармасының басшысы Дәурен Жолжанов жарыссөзге шықты.

Т.Бектасовтың І тоқсандағы жұмыстары туралы сөзін тыңдай келе, облыс әкімі ауданда кәсіпкерлермен бірлесе іс атқару кемшін екенін айтты

- Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы Елбасы үнемі айтып келеді. Елімізде кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан барлық қажетті көмектер көрсетіліп отыр. Сондықтан бизнес-кауымдастық өкілдерінің де мүмкіндігінше көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созғанын, әсіресе, тұрғын үй жағынан қолдау көрсеткенін қалаймыз. Оған қоса ауданда ет экспорттау ісі баяу жүріп жатыр. Ауданда нәресте өліміне неге жол берілді? Оның себебі анықталды ма, келесіде қайталанбас үшін қандай шаралар қолданылды? – деп сұрады А. Баталов аудан әкімінен.

Т.Бектасов аудандағы медицина мамандарының кәсібилігін арттыру мақсатында қазіргі кезде Акушерлік және гинекологиялық ғылыми орталықпен меморандум жасалғанын тілге тиек етті. 10 сәуірден бастап 30 дәрігер, ал мамыр айынан орта буындағы тағы 30 медицина маманы біліктілігін арттыратын болады. Ал ет экспортына келетін болсақ, алғашқы кезеңде 70 тонна ет экспорттау жоспарланған. Панфилов ауданының әкімі Т. Бектасов жалпы жыл соңына дейін сырт елдерге 200 тонна ет өткіземіз деп сендірді.

Амандық Баталов келесі дүйсенбіде аудандағы көп балалы отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету мәселесі бойынша есеп беруді тапсырды:

- Осы мәселе бойынша қандай жұмыстар атқарылғаны туралы маған нақты деректер айтатын боласың. Әзірге мен Панфилов ауданынан тиісті деңгейдегі жұмысты көріп тұрған жоқпын. Бұл мәселемен әрбір аудан, қала әкімдері жедел айналысып, іске кірісуі керек, - деді ол.

Облыстық құрылыс басқармасының жұмысы да қатаң сынға алынды.

- Қазір Елбасының тапсырмасы бойынша қолға алынған «Бақытты отбасы» бағдарламасы көп балалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуге арналған. Биылғы жылы бұл бағытта республикалық бюджеттен қосымша 5,6 млрд. теңге бөлінген. Енді жедел түрде облыс аудан, қалалары бойынша бөлу керек, ең алдымен баспанаға зәру көп балалы отбасылар көп тұратын аймақтарды ескеру керек. «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыру тұрақты жүргізілуі керек, үнемі бақылауда болып, толыққанды нәтиже беруі тиіс. Құрылыс басқармасында бастамашылдығы жоқ, олардан нақты ұсыныстар әлі естімедім. Кезекте тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамту мәселесін шешу керек. Қазан айында келесі жылға арналған үйлер құрылысының дайындамасын жасап үлгеру керек. Осы мәселелердің барлығына ширақ, жылдам кірісіңдер, - деді А. Баталов.

Жиын соңында облыс әкімі тағы да бірнеше тапсырма берді:

- 2019-2020 жылғы жылыту маусымына дайындықты қазірден бастау керек. Көктемгі дала жұмыстары тиісті аудандарда өз деңгейінде өтуі тиіс. Біз өз тарапымыздан тұқыммен, жанар-жағармаймен қамтамасыз етеміз. Ал жергілікті әкімдіктер күнделікті туындап отырған мәселелерді дер кезінде шешіп, бақылауда ұстасын. Бюджеттің орындалуы ерекше назарда болсын. Барлық жұмыс үздіксіз, үзіліссіз жүруге тиіс. Жалпы І тоқсанның қорытындысы бойынша қатаң ескертулер жоқ, бірақ әлі де жұмысты ширатуды қажет ететін бағыттар бар, мәселен, құрылыс саласында. Алғашқы тоқсанда өндірісте де, ауыл шаруашылығында да өсім сақталды. Осы қарқынды баяулатпай, одан әрі де өркендеуге жұмыс істеуді сұраймын, - деді Амандық Баталов.