19 там, 2019 сағат 15:35

Ольгинкадағы сібір жарасы: Карантин қашан алынады?

Бгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде арнайы баспасөз мәслихаты өтіп, онда Ақмола облысындағы эпизоотикалық ахуал жайы кеңінен қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ольгинка ауылында барлық мал басы бақылауға алынды. Мұндай оқиға 1998 жылы Ольгинка ауылына тақау Николаевка елді екенінде тіркелген. Енді 15 күннен кейін Ольгинка ауылындағы карантинды алып тастаймыз. Бірақ бақылау жалғасады», - деді ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Арман Өтеғұлов.

Сондай-ақ, сібір жарасы шыққан еттің 80 пайызы жойылғаны белгілі болды.

«Халық ветеринар қызметінен жалтарады. Сиыр ауырып тұрған кезде олар тез арада сойып, етін сатып жіберуге тырысады. Біз еттің 80 пайызын ала алдық», - деді ҚР ДСМ Тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитеті Аса қауіпті инспекциялар мен биоқауіпсіздікті эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Зәуреш Жұмаділова.

Оның айтуынша, заладанған етті сатып алған адамдардың өзге де адамдармен байланысы болуына орай қажетті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мұндай жұмыстар Ольгинка, Николаевка және Аршалы елді мекендерінде қолға алынады.

«Адамдарда өзгеріс болған жағдайда ауруханаға жатқызылады. Қазіргі уақытта байланысы болған адамдардың арасында аурудың жаңа деректері анықталған жоқ. Залалданған еттің шамамен 20 пайызы желінген. Жалпы 144 келі ет алып, жойдық, шамамен 10 келі етті асып жеген», - деді ол.

Еске салайық, 16 тамызда Ақмола облысының Аршалы ауданына қарасты Ольгинка ауылында түйнемеге қатысты карантин жарияланды. 5 тұрғын ауруханаға жатқызылып, қазір сынамалар зерттеліп жатыр. Ауруханада жатқандардың жағдайы тұрақты. Ольгинка ауылында үй жануарлары арасында түйнеме белгісі анықталған жоқ.