31 там, 2018 сағат 09:43

Ольга Рыпакова Азия ойындарының чемпионы атанды

Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова үш қарғып секіруде Азияның ең үздік спортшысы екендігін тағы да дәлелдеді. Ол бүгін Джакартада өтіп жатқан Азиада ойындарында чемпион атанды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің мәліметінше, спортшымыз екінші мәрте қарғып секіруінде 14 метрді бағындырған. Ал қалған қарсыластарының бірде-бірі мұндай көрсеткіш көрсете алған жоқ. Ольга Рыпакова үшінші мәрте секіруінде 14,26 метр нәтиже көрсетті. 

Екінші орын 13,93 метрге секірген таиландық Чумайароенг пен дәл сондай нәтиже көрсеткен вьетнамдық спортшыға бұйырды. 

Қазақстан атынан жарыс жолына шыққан тағы бір спортшымыз Ирина Эктова 13,58 метрді бағындырып, 6 орынға тұрақтады.  Айта кетерлігі, Ольга Рыпакова осымен төртінші мәрте Азиа ойындарының чемпионы атанып отыр. 

Еске сала кетейік, 30 тамыздағы көрсеткіш бойынша Қазақстан құрамасында 60 медаль бар. 11 алтын, 11 күміс және 38 қола. Жалпы командалық есепте әзірге 11-ші орындамыз.